САУРАН: АССАМБЛЕЯ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше.

Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды»,-деген болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалы­ғымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаз­дық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы өтті.

Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі.

Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассам­б­лея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңыз­ды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз.

Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістік­тердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталғанын, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағ­дары болып қала беретінін айтты.

Бірлік және Ынтымақ. Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік. Сондай-ақ – Заң және Тәртіп. Бұдан соң – Ең­бекқорлық пен Кәсібилік. Және – Жасам­паздық пен Жаңашылдық. Бұл – біз­дің саясат пен экономикадан бастап, бі­лім мен мәдениетке дейінгі барлық сала­дағы бағыт-бағдарымыз. Мұның бәрі хал­қы­мыздың азаматтық бірегейлігін ны­ғай­тады. Сондай-ақ еліміздің болашақ кел­бетін қалыптастырады. Ассамблея жұ­­мы­сына арқау болып отырған қағи­да­лар осы құндылықтармен толық үндеседі.

Ондағы негізгі қағидаттарды орнықтыру ісінде Ассамблея басты рөл атқаруға тиіс.

Азаматтарды әлеуметтік ортаға кірік­тіру жүйесі Отанға деген сүйіспен­шілік, патриотизм идеалдарын насихаттауға және халқымыздың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін құрметтеуге негізделуі керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекеттік саясат­тың басты өзегі және жалпыұлттық біре­гей­лікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік.

Ортақ Отанымыздың тағдырына жанашырлығымыз біздің азаматтық сана-сезіміміздің өзегі болып қала береді. Ал ұлттық толеранттық, өткен заманның дәстүрлеріне және түрлі мәдениетке деген құрмет, мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді білу – Қазақстан азаматтарына тән қасиеттер.

Мен Ұлттық құрылтайда қазір елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге тоқталдым. Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз бала­лар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кесел­дерді түбірімен жоямыз десек, ор­тақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлты­на, дініне, әлеуметтік жағдайына қара­мастан, оған барлығы атсалысуы керек.

Мақсат-мұраты биік болса, елдің рухы да биік болады. «Адал азамат» болу аса маңызды. Бір сөзбен айтсақ, келеңсіз үрдістерден жай ғана жирену жеткіліксіз. Оны жоюға да белсене атсалысу керек, – деді бұл жөнінде Президент.

Мен қазақ тілі уақыт өте келе этнос­аралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Бүгін біз өз бетінше қазақ тілін жетік меңгеріп, оны қоғамда кеңінен насихаттап жүрген азаматтарды марапаттаймыз. Бұл өте пайдалы әрі саяси тұрғыдан маңызды жұмыс деп ойлаймын. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды.

Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көптілді ел, болашақта да солай бола береді. Бұл – біз үшін орасан зор басымдық.

Ата заңымыздың әрбір сөзін бұлжытпай ұстануымыз қажет. Заң мен тәртіптің әрдайым және барлық жерде сақталуы, заң үстемдігінің сөзбен де, іспен де орнығуы маңыз-ды. Біздің міндетіміз – қоғамда өзара құрмет пен сенімді нығайта түсу. Ассамблеяның осы күрделі мәселеге байланысты атқарып жатқан қызметі айрықша маңызды, – деді.

Кейінгі жылдары Ассамблеяның қызметі айтарлықтай өзгерді. Бұл құрылым қоғамдағы аса маңызды инс­титутқа және этномәдени бірлестіктердің бас штабына айналды.

Ассамблея барлық деңгейдегі мекеме­лермен түрлі бағытта серіктестік орнатып, басқаларға үлгі болуға тиіс.

Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керек. Ең алдымен, Ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамыта түскен абзал.

Ассамблея бірегей азаматтық институт ретінде өзара құрмет пен сенімнің қоғамда орныға түсуіне зор үлес қосып келеді. Біз алдағы мерейлі белесті Ассамб­лея қызметін халыққа түсіндіріп, наси­хаттауға және азаматтарды ел бірлігін нығайту жолындағы ауқымды жұмысқа жұмылдыруға ұтымды пайдаланамыз.

Еліміз кейінгі жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бас­тан өткеріп жатыр. Бірлік пен ынтымақ­тың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңеміз. Шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығамыз.

– Барлық өңірде аумақтарды көгал­дан­дыруға және тазалауға көп көңіл бөлу керек. Әркім ортақ іске үлес қосатын болса, еліміз көркейе түседі. Біз қалалар мен ауылдарды абаттандыруымыз қажет. Әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар әкімдердің де, жұртшылықтың да назарынан тыс қалмауға тиіс. Бұл жалпы азаматтық мәдениетіміздің деңгейін, керек десеңіз ұлтымыздың келбетін көрсетеді.

Сонымен бірге Президент өзен жағасына үй салу қауіпті, оны қайтадан су шайып кетуі мүмкін екенін ескертіп, құрылыс салатын жерді таңдағанда елді мекеннің гидрологиялық және географиялық ерекшелігін қаперде ұстау қажеттігін еске салды.

Жұртымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте қайсарлық танытып, ынтымағын сақтай білген. Жанашырлық, тілеулестік сияқты адами қасиеттерді бәрінен биік қойған.

Кез келген дағдарыс біз үшін сынақ қана емес. Ол әрқайсымыздың бойымызда бұғып жатқан күш-қуатымыз бен қарым-қабілетімізді ашып, тың мүмкіндіктер береді.

Біріншіден, тасқын кезінде ел бірлігі нығая түсті. Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақстан халқы көмектесуге ұмтылды. Апат аймағында тұратын адамдар барша отандасымыздың шынайы жанашыр­лығын сезінді.

Екіншіден, елдің жағдайын жақсарту үшін ешкім қиындықтың келуін күтіп отырмайтыны анық. Дегенмен мұндай апаттар біраз шаруаны шұғыл қолға алуға себепкер болады.

Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Биік мақсатқа жету үшін түрлі кедергіден өтеміз, барлық қиындықты жеңеміз. Ауқымды міндеттерді орындаймыз. Біз еліміздің басты құндылықтары мен бағыт-бағдарынан айнымаймыз.

Арсылан РАМАТУЛЛАЕВ,

Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ Сауран аудандық филиалының басшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *