
Есімі түркістандықтарға етене таныс Сабыр ағамыз туралы теріс пікір айтатын адамды жолықтыру мүмкін емес шығар. Үлкенге құрметі ерекше, кішіге ағалық ізеті төгіліп тұратын Сабыр Әбубәкірұлы зейнет жасына қадам басып отыр. Қызметте жүріп таныстық. Ол кезде Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінде істеймін. 2012 жылдар болуы керек. Ағамыз ол кезде «Түркістан жарық тазалық» ЖШС мекемесінің директоры еді. Сол мекемеден маған мәлімет қажет болып, оны өзі жеткізіп беретінін айтты.
Кабинетімде отырғанымда дәлізден даусы өктем-өктем шығып, жанында біреуге бұйыра сөйлеп келе жатқан адам — маған келе жатқан Сабыр ағамыз екен. Жанында бізбен қатар сол әкімшіліктің қызметкері екен. Жас болса да ағамызға ол да қатаң дауыспен сөйлеп қояды. Сөйтсем екеуі әзілдесіп келе жатқан болып шықты. Содан бергі жерде нағашылы-жиен болып сөзіміз жарасып, жақсы қарым-қатынастамыз.
Содан бергі он жылдан астам уақыт ішінде ол кісінің жаман сөзін естімедім. Жиен деп құшағын ашып тұрады. Өзгелермен де жылы қатынасын көріп келемін. Әкім өткізетін жиналыстарға қатар кіреміз. Ол кезде Әліпбек Шәріпбекұлы еді Түркістан қаласының әкімі. Өзі коммуналдық салаға ерекше мән беретін басшысы шаһардың тазалығына, түнгі жарықтандыру жұмыстарына барынша қатаң қараушы еді. Күн тәртібінде қаралған мәселелердің қатарында аталған мәселелер міндетті түрде сөз болатын. Оған жауапты Сабыр ағамыз. Көпшілік арасында өз саласындағы орын алған жағдайларға байланысты сауалдарға жиналыстың кез-келген уақытында орнынан тұрып жауап бере-тін және осы саладағы кем-кетік жұмыстардың алдын алу, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау тұрғысындағы маңызды ұсыныстары да дайын болатын Сабыр Әбубәкірұлының. Соның арқасында 2012 жылдары Түркістан ерекше келбетке ене бастады. Қаланың көшелеріне гүл егіліп, орталықтарды түнгі жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Тұрғындар сол кезде «Түркістанның екінші демін ашқан Әліпбек әкім»,-деп ризашылықтарын жасырмайтын. Міне, қала басшылығына қарай айтылған сондай мақтау-мадақтардың туындауына өзіндік үлес қосып жүрген қызметкерлердің арасында Сабыр ағамыздың да ойып алар орны бар десек қателеспейміз.
1960 жылы 17 тамызда Түркістанда өмір есігін ашқан Сабыр Әбубәкірұлы Досжанов 1967 жылы С.М.Киров атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған. Араға бір жыл салып, қазіргі тілмен айтқанда оқуын кәсіптік колледжде (СПТУ 31) жалғастырып, құрылыс мастері мамандығын алған. Одан соң Шымкент қаласындағы қазақ химия технологиялық институтын 1983 жылы бітіріп, инженер құрылысшы болып шығады. Осылайша 1984 жылы еңбек жолын бастаған жас маман Түркістан құрылыс детальдары, және конструкциялау зауытының екінші дәрежелі қалыптаушы атанады. Араға жыл салып қысым құбыры цехына шебер болып ауысады. Өндірістік қызметте сатылап өскен Сабыр Досжанов өндірістік нысанның шебері болады. 2001 жылдан бері құрылыс саласындағы мекемелерде бригадир, директор қызметтерін атқарған ол 2007 жылдан бастап Түркістан қалалық құрылыс бөлімінің инспекторы, бас маманы лауазымында еңбек етеді. 2012 жылдан бастап «Түркістан жарық тазалық» ЖШС мекемесінің басшысы атанады. Осында өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарған Сабыр Әбубәкірұлы қандай жауапкершілікті болмасын ұқыптылықпен алып жүрді. Одан кейін жаңадан құрылған «Түркістан жол қызметі» КММ тізгінін қолға алып, қазіргі таңда аталмыш мекемеден зейнетке шығып отыр.
Атқарған қызметтеріне қарай марапаттан да кенде болмаған ағамыз. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалдарымен және «Слава Казахстана», «Елеулі еңбегі үшін» ордендері, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің шешімімен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі, Түркістан қаласы әкімінің «Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін», «Ордабасы ауданына сіңірген еңбегі үшін», «Ардақты ардагер» төсбелгілерімен марапатталған. Одан бөлек түрлі деңгейдегі бірнеше алғыс хат пен мақтау қағаздарының иегері атанған.
Саналы ғұмырында елге қызмет ете жүріп, отбасында құдай қосқан жары Мейржаһан Досжановамен үш ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде перзенттердің алды қанаты қатайған елдің игілігі үшін еңбек жолында тер төгіп жүрген жандар. Осындай ынтымағы жарасқан жанұяның асқар тау әкесі, білікті маман, еңбекқор басшы атана білген Сабыр ағамыздың ғұмыр жолына қысқаша шолу жасасақ оңды істердің жанынан табылып, бақытын еңбектен тапқан жанды көретініміз анық.
Кез-келген ортада өзін еркін ұстайтын төңірегіндегілерге шарапаты мол Сабыр Әбубәкірұлының көпшілдігі мен бауырмалдығы, достыққа берік азаматтығы өз алдына бөлек әңгіме. Шаһардың қайбір түкпірінде болмасын, ондағы құрылыс нысандарының сыры мәлім бұл кісіге. Бір қарағанда мінезі қатаңдау көрінгенімен жүрегі жұмсақ жан Сабыр ағамыздың әлі де болса туған мекеніне берері көп деп есептейміз.
М.ӘЛМАХАН.
