
Құстардың ішінде сағаттап өсетін құс бар. Бейне бір қазақ ертегілеріндегі батырлар сияқты. Бірақ, қанша көз ілеспес жылдамдықпен өскенімен, сонша тез қартаяды. Яғни, өмір сүру циклі қысқа. 1,5-2 айдан бастап жұмыртқалай бастайды да, жұмыртқадан шыққаннан кейін 35-40 күнде үлкен құсқа айналады. Жалпы жұмыртқалау кезеңі бір жылдан асар-аспас. Бір жылдан кейін оны бордақылап, етке өткізеді. Иә, біз бөдене құсы туралы айтып отырмыз. Бөдене шаруашылығы нәрестеге қарағандай үлкен төзімділік пен ыждаһаттылықты қажет етеді. Бұл құс жылуды жақсы көреді. Қыста жылы ұстап, жазда желдеткіш қойып, бөлмеде 20-25 градус бірқалыпты температура болуы шарт.
Түркістан қаласының тұрғыны Сапарбек Маханов бөдене құсын өсіруді қолға алған. Бүгінде оның шаруашылығында 3 500-ден астам құс бар. Кәсіпкер күн сайын 1 300 жұмыртқаны 30 теңгеден өңірдегі мейрамханалар мен сауда орындарына өткізеді. Кәсіпкер бөдене өсіруді осыдан 6 ай бұрын ғана қолға алған. Алдымен Шымкент қаласынан 2 000 дана бөдене жұмыртқасын сатып алып, оны арнайы инкубаторда өсірген. Қазір онда бөдененің 4-5 түрі өсірілуде. Құстың 1 300 аналығы 16 сағат сайын 1 жұмыртқадан береді. Мамандардың айтуынша, бөдененің еті де, жұмыртқасы да ағзаға пайдалы. Сондықтан аталған өнім нарықта үлкен сұранысқа ие. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – бөдене шаруашылығын одан әрі дамыту. Бұл үшін бөдене еті мен жұмыртқасын сататын шағын дүкен ашуды көздеп отыр.
Айта кетсек, шаруа иесі кәсібін өз қаражатына бастаған. Ендігі кезекте шаруашылығын кеңейту мақсатында мемлекеттік қолдауға сүйенбек. Осы орайда түркістандық тұрғындардың назарына бөдене шаруашылығы жайлы маңызды мағлұматтар мен қызықты ақпараттарды ұсынып отырмыз.
Бөдене құстар ішінде қырғауылдар тобына жататын шағын құс. Оның денесінің ұзындығы 16-20 см., салмағы 80-150 грамм арасында.
Бөденені қолға ұстамас бұрын ең алдымен оны қандай мақсат үшін өсіретіндігіңізді біліп алғаныңыз жөн. Егер сіз жоғары сапалы және диеталық бөдене етін өндіруді мақсат ететін болсаңыз, онда сізге бірінші кезекте назарды бөдененің калифорниялық тұқымына аударуға тура келеді.
Ал егер бөденені жұмыртқасы үшін өсіруді көздесеңіз, онда бұл іске жапон бөденесінен артығы жоқ. Үй шаруашылығында өсірілетін жапон бөденесі өсіп-жетілуіне 50-60 күн өткеннен кейін-ақ жұмыртқа бере бастайды. Яғни, оны өсіру арқылы тез арада жұмыртқаға кенелетін боласыз. Мәселен, егер салыстыру үшін айтатын болсақ, тауық әдетте 180-210 күннен кейін барып жұмыртқа береді. Екіншіден, жапон бөденесі бір жылдың ішінде 300-ге жуық жұмыртқа береді. Дәмді де адам денсаулығы үшін пайдалы болып келетін бұл жұмыртқаның салмағы 10-14 граммды құрайды.
Жуырда Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары сіңімді және табиғи өсімдік компоненттерін қолдана отырып, бөдене өсіруге қажетті байытылған жем жасап шығарды. Ол бөдененің еті мен жұмыртқа өнімінің айтарлықтай жақсарғанын көрсетті.
Елімізде бөдене өсіру – ауыл шаруашылығы өндірісінің салыстырмалы түрдегі жаңа саласы. Өкінішке қарай, көптеген шаруа қожалығының басшылары бұл құстың пайдалы қасиеттерін, жұмыртқа мен ет өндірісін ұлғайтудағы мүмкіндіктерін әлі күнге жеткілікті бағаламай отыр. Десек те, Солтүстік Қазақстанда құс шаруашылығының жаңа саласы саналатын бөдене бағу дұрыс жолға қойылған. Ондағы бөдене өсіру шаруасы – халықтың жұмыртқа мен ет сияқты құс өнімдеріне деген қажеттілігін қанағаттандыру көзінің бірі.
Жоғарыда айтылған жобаның негізгі идеясы мен ерекшелігі – физиологиялық және биологиялық үдерістерді жеделдететін, құстың денсаулығын нығайтатын және жемнің қорытылуын жақсартатын экструдталған әрі табиғи өсімдік компоненттерін қолдана отырып байытылған жемді әзірлеу. Бұл ғылыми жұмыс қауіпсіз, жоғары сапалы бөдене өнімдерін алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ас қорыту үдерістері, қан мен зат алмасудың морфо-биохимиялық жағдайы, ет және жұмыртқа өнімділігі, биологиялық құнды өнімдерді арттыру оңтайландырылады.
Осылай отандық ғалымдардың нәтижелі еңбегінің арқасында табиғи өсімдік компоненттері негізінде ет және жұмыртқа бағытындағы бөденелерге арналған жаңа, жеңіл сіңетін, жоғары қоректік байытылған жемшөптердің рецептурасы жасалды.
«Біз бөденеге арналған Start рецептурасымен жем түрлерін әзірледік. 2023 жылы ет және жұмыртқа бағытындағы бөденеге арналған барлық жем түрі сыналды: Start (бірінші), Grower, Layer, Finish (екінші рет жақсартылған құраммен). Рецептің айрықша ерекшелігі – оларда ет-сүйек ұнының болмауы және экструдталған астық компоненттерінің қосылуы», дейді ғылыми жоба жетекшісі, ҚАТЗУ аға оқытушысы Динара Жаңабаева.
Осы жоба негізінде әзірленген жемнің құс ағзасы мен олардың ет пен жұмыртқа өнімділігіне әсері зерттелді. Бөдене үшін әзірленген жемнің сапасы мен қауіпсіздігіне баға берілді. Нәтижесінде, жемнің улы және қауіпсіз екені, барлық нормалар мен талаптарға сай келетіні анықталды. Бұлармен бірге, бөденелердің ет және жұмыртқа өнімділігінің айтарлықтай жақсарғанын көрсетті. Бөдене өсіруді дамыту, оның жоғары сапалы және пайдалы өнім ретіндегі әлеуетін ашу, экспорттық қуаттылықты арттыру халықтың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін аса маңызды.
Бөденені күту. Бөденені торда ұстаған жөн бе, әлде бұл іске инкубатор қолайлы ма? Бөденені қолдан өсірген жағдайыңызда бұл сұрақтың да сіздің алдыңыздан көлденеңдеп шығатындығы анық. Егер сіз бөденені жұмыртқадан бастыратын болсаңыз, онда сізге ең дұрысы инкубатор сатып алу. Мұндай жұмыртқа бастыруға арналған шағын тұрмыстық инкубаторларды кез келген базардан немесе арнаулы дүкендерден кездестіруге болады. Сондай-ақ, зауыттан шығарылатын дайын инкубаторлармен қатар оны қолдан да жасап алуға болады. Мұндай инкубаторларды қалай жасайтындығы жөніндегі кеңесті сіз интернеттен ала аласыз. Оның интернеттік мекенжайын біз мақаланың соңында көрсететін боламыз.
Бөдене жұмыртқасының инкубациялану кезеңі 17,5 тәулікті құрайды. Мұнан кейінгі 4-6 сағаттың ішінде балапандар жұмыртқаны жарып шыға бастайды. Жаңа пайда болған бөдене балапандарының өте шағындығы (салмағы 6-8 граммды ғана құрайды) болмаса, тауық балапандарынан көп айырмашылығы жоқ. Олардың үстін жұмсақ, мамық жүн басып тұрады.
Жаңа пайда болған балапандарды осы мақсат үшін арнайы әзірленген жәшіктер мен торларға орналастыру керек. Оларды фанера мен пластиктен немесе картоннан жасауға болады.
Тағамдық жұмыртқа алу үшін өсірілетін бөденелерді ұстау үшін әдетте биіктігі 20 сантиметрлік торды пайдаланады. Тор еденінің көлемі ішінде ұсталынатын бөденелер санына сәйкес лайықталады. Бір бөдене үшін шамамен алғанда 180-200 шаршы мм. орын қажет болады. Ал егер сіз бөденені диеталық жұмыртқа (яғни тұқым бермейтін) алу үшін өсіретін болсаңыз, онда әрбір бөдене аналығы үшін жеке тор қажет болады. Бірақ ол ауық-ауық бөдене әтешімен қосылып тұруы тиіс.
Бөдене өсірудің технологиясы. Бөдене өсіретін орында, әсіресе, алғашқы үш аптада жоғары температураны сақтау қажет, өйткені, бұл кезеңде бөдене балапандарының жылуды реттеу мүмкіндіктері өте әлсіз болады. Алғашқы үш аптада балапандар орналасқан орын күндіз-түні жарықтандырылады. Бұдан әрі күндізгі жарықтың берілуі күн сайын 2 сағатқа қысқарып отырады. Торда немесе жәшікте 3 апталық балапандарды ұстаған кезде, әр басқа 50 см² орын келетіндей болуы керек, 3-6 апта аралығында жәшіктің ауданы әр бөденеге 90 см² болуы тиіс. Жас бөденелерге су беру үшін вакуумдық суарғыштар (төңкерілген шыны құтылар) қажет. Торларға кішкентай ыдыс суарғыштар орнатуға болады. Ал екінші аптадан бастап ниппельдер орнатылады. Оларды кез келген бөдене балапаны жете алатындай биіктікке орнатады. Алғашқы аптада бөдене балапандарын 2 сағат сайын тамақтандырады. Бұдан кейін біртіндеп тамақтандыру саны қысқарып отырады. Бөдене балапандарын өсірудің алғашқы аптасында қатты пісірілген, майдалап ұнтақталған тауық немесе бөдене жұмыртқаларын, қатық, манный жармасын, одан кейін балапандарға арналған зауыт жемдерін беріп, біртіндеп ересек құстардың ережесіне көшіреді. Үшінші күннен бастап кәдімгі жемдерді де беруге болады. Алғашқы аптада бір бөдене балапаны күніне 4 гр., екінші аптада 7 гр., бұдан әрі 13-17 гр.
Адамға қажетті жылу мен жарық, су бөденеге де өз уақытында үш мезгіл берілмесе, өнім азайып кетеді. Құрамажемнің малға, мүйізді ірі қараға, итке де, құсқа да арналған түрі бар. Құрамажем микроэлементтер мен дәрумендерге бай. Бидай, жүгері, тары, балық ұны, т.б. Бәрі де зерттелген. Бірақ, бағасы әжептәуір қымбат. Бір қабы – 25 кг. Бір адамның өзі көтеріп кете беретін жеңіл етіп шығарғаны дұрыс болды. Бір килосы 160 теңгеден, бір қабы 4 мың теңгеге түседі. Бөдене басқа құстар сияқты әр түрлі жемді жей бермейді.
Әр құстың балапан басу мерзімі әр түрлі. Мысалы, тауықтар 20-21 күнде, күркетауық 28 күнде, түйеқұс 40-45 күнде, бөдене 16-17 күнде балапан басып шығады. Аңғарғанымыздай, осылардың ішінде ең тез көбейетіні – бөдене. Қолдың бөденесі жабайы бөдене сияқты өз бетінше балапан баспайды. Бұлар кезінде қолға үйретіліп, селекция арқылы шығарылған ғой. Соның өзінде жартылай жабайы. Сондықтан, инкубаторсыз балапан шықпайды. Жұмыртқасы инкубаторда 16 күн тұрады. Адамдар «ойбай, инкубатордан шыққан» деп шошиды. Олай емес. Бұл тек өмірге келу тәсілі ғана. 37,7-38°С қажетті температура, ылғалдылық сақталса, жұмыртқалай береді. Мекиені де балапан басқанда сондай жағдай жасайды.
Инкубатордан құс шығару қиын. Екінің бірі бөдене құсын асырай алмайды. Өйткені, ол басқа құстар сияқты кез келген жемді жей бермейді. Өте сезімтал құс. Көп адамдар қиындықтарына шыдай алмай бұл кәсіпті орта жолдан тастап кетеді. Қыстыгүні шығын өте көп.
Бөдененің еті мен жұмыртқасының пайдасы өте көп. Мамандар бөдене жұмыртқасын әсіресе, балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді. Себебі, бұл өнімнің адамның иммунитетін көтеріп, сергітетін қуаты мол. Аз сөзбен айтсақ, мың ауруға шипа. Жұдырықтай құстың еті холестеринсіз, диеталық тағам. Жұмыртқасы дәрумендігі жағынан тауықтан үш есе құнарлы, амин қышқылы, микроэлементтерге бай. Бұрын патшалар мен ақсүйектердің ғана жейтін асы болған екен. Екінің бірінің қолы жете бермеген деседі. Кезінде Шыңғыс ханның өзі жаралы жауынгерлеріне бөдененің жұмыртқасын ішкізіп, аяққа тұрғызғанын тарихи кітаптардан кездестіруге болады. Еті мен жұмыртқасынан бөлек бөдене шаруашылығының сан түрлі қырын дамытып, пайда табуға болады. Етін тұздап, жұмыртқасын маринадтаса, жеңсік ас ретінде желінеді. Кептірілген қиын ұнтақтап, қаптап ұсынсаңыз, тыңайтқыш ретінде өтімді болады. Жүнін жастықтың мамығына пайдаланса тіпті, керемет! Ол үшін құстың басын көбейтіп, ерінбей айналысу керек». Жапондар мұны біліп қана қоймай, ұлт денсаулығын жақсартуға қолданатынын айтады. Тіпті, мектеп жасындағы балаларға күніне екі бөдене жұмыртқасы тегін таратылады екен. Қытайда 70 млн, Ресейде 350 мың бөдене басы бар екенін де деректер айғақтайды.
Ал бізде бұл сала ақырындап дамып келеді. Сайрамда бөдене өсіретін шаруашылықтар баршылық деп естиміз. «Малышева» атты жеке шаруашылық бұл құстың өнімдерін супермаркеттерге тарататынынан хабарымыз бар. Бірақ, бөдене құсы әлі заңды түрде тіркелмеген көрінеді. Яғни, заңдастырылмаған, реестрге енгізілмеген. Тауыққа бар. Бөденеге жоқ. Бөдене асырасаңыз, тіркей алмайсыз. Бұл біздегі Ауыл шаруашылығы министрлігі ескерер өзекті мәселе деп ойлаймыз.
Түсінгеніміз, біздің елімізде «ханның асы» саналатын бөдененің еті мен жұмыртқасынан басқасын пайдалану әлі жолға қойылмай келеді. Ал бұл тек асырайтын адамға ғана байланысты емес. Тұтынатын қарапайым халыққа да қатысты. Өткенде базарда бір жігіт бөдененің жұмыртқасын сатып жатса, бір көкеміз «Енді жыланның да жұмыртқасын сатып жатсыңдар ма?» деп дүрсе қойғанын естіп едік.
Демек, былайғы жұрт әлі де бөдененің пайдасы туралы көп біле бермейді.Мемлекет қаржылай қолдап жатқанда, жұмыс жоқ деп айтуға, әсте болмас.
Өйткені, бөдененің еті де, жұмыртқасы да мың түрлі дертке дауа. Адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Ал, дәмі тіл үйіреді, әрі тойымды. Дәлірек айтсақ, кәдімгі тауық жұмыртқасына қарағанда, бір грамм бөдене жұмыртқасы құрамында А және D дәрумендері екі есе көп, деп жазады. В тобындағы дәрумендер де анағұрлым, яғни алты есе, фосфор, калий және темір төрт-бес есе жоғары. Бұл диеталық өнімде мыс, кобальт, никотин қышқылы мен амин қышқылы да мол. Тағы бір дәлелденгені, бөдене жұмыртқасы тауықтардікіне қарағанда микробтардан таза келеді. Бұл ғалымдарды әлі күнге дейін қайран қалдыруда. Өнімнің ең басты ерекшелігі – өз қасиетін жоймай ұзақ сақталуында. Бөлме температурасы жағдайында айға жуық, ал тоңазытқышта 60 тәулікке дейін сақтауға болады.
Бөдене жұмыртқасының емдік қасиеті
Мамандар бөдене жұмыртқасын әсіресе, балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді. Себебі, бұл өнімнің адамның иммунитетін көтеріп, сергітетін қуаты мол. Нақтыласақ, бөдене жұмыртқасы мынадай ауруларға таптырмас ем:
- бас ауруына;
- демікпе мен туберкулезге;
- қан қысымының көтеріліп және түсіп кетуін реттейді;
- бүйрек, өкпе, асқазан, ішек ауруларын, асқазан жарасын жазады;
- фосфор, калий, темірдің әсерінен есте сақтау қабілеті жақсарады;
- анемияға;
- сәуле ауруларына;
- бөртпе пен диатезден құтқарады;
- салқын тию мен тұмауға;
- бұлшық ет пен сүйектерді қатайтады;
- баланың есте сақтау қабілетін арттырады;
- диета кезінде арықтауға, ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне көмектеседі.
- радионуклейдті тұздар мен ауыр металдарды ағзадан тазартады;
- адамды жасартатын қасиетке ие (бөдене жұмыртқасының құрамына кіретін тирозин амин қышқылы косметика саласында ең қат өнім саналады);
Сонымен қатар, жұмыртқаның аршылған қабыршағын тастамай жуып, газ немесе «әсел» пешінде сәл кептіріп, кофе ұнтақтаушыдан өткізуге болатындығын қолданғандар айтуда. Олар дайындалған ұнтақты ірімшік, айран, тамаққа, болмаса суға бір шәй қасықтан қосып ішуге кеңес береді. Өйткені, оның құрамында 90 пайыз кальций мен 27 микроэлементтер бар. Ал зерттеулерге сүйенсек, дәріханаларда сатылатын кальцийлерге қарағанда бөдене жұмыртқасы қабығындағы кальций адам ағзасына өте сіңімді. Бұдан басқа, ол ағзаға аса қажет мыс, фтор, күкірт, кремний, мырышқа бай. Сондықтан ұсақталған жұмыртқа қабығын балалар мен жүкті келіншектерге ұсынған абзал. Ағзадағы кальцийдің молайып, сүйектердің қатаюына игі ықпалын тигізеді. Тістердің маржандай тізіліп, бүлінбеуіне де әсер етеді.
Ал, жұмыртқа құрамындағы лецитин заты қандағы холестеринді төмендетеді. Егер тәулігіне бөдененің 4-5 жұмыртқасын тұрақты тұтынса, ер адамның беліндегі қуаты артады. Бірақ та, жүрек дертінің атеросклероз түрімен ауыратындар мен оның алдын алушылар бөдене жұмыртқасын аз мөлшерде қолданғаны абзал.
Жапондардан үлгі алсақ…
Экологиясы нашар аймақтың тұрғындары үшін бөдененің жұмыртқасы өте пайдалы екен. Бөдене туралы еліміздегі алғашқы ғылыми зерттеу жұмысының авторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің PhD докторанты Мұхтар Байбатшановтың айтуынша, Чернобыль апатынан кейін ғалымдар апат аймағында радиациядан жапа шеккен балаларды бір орталыққа жинап, тәжірибе жүргізеді. Бір топтың балаларына бір ай бойына бөдененің жұмыртқасын шикілей ішкізсе, екінші топтағы балаларға жұмыртқа бермейді. Бір айдан соң жұмыртқа ішкен балалардың ағзасын тексергенде ғалымдар бөдене жұмыртқасы радиацияны ыдырататынын анықтаған. Мұрындарының қанауы, бас айналулары тоқтап, қандағы гемоглабиндері көбейген. Осыдан кейін көпшілік бөдене жұмыртқасын жаппай тұтына бастады.
Ғалым: «Біздер бөдене жұмыртқасына тәжірибе жүргізгенімізде, оның дәрумендік құрамы тауық жұмыртқасына қарағанда 3-4 есе жоғары екеніне көз жеткіздік», – деп сенімді түрде айтып отыр. Ал мұны жапондар біліп қана қоймай, ұлт денсаулығын жақсартуға қолданғанын айтады. Тіпті, мектеп жасындағы балаларға күніне екі бөдене жұмыртқасы тегін таратылып беріледі.
«Кезінде АҚШ Жапонияға атом бомбасын тастап, үлкен экологиялық апатқа ұшыратқаннан кейін, жапондықтар бөдененің адам бойындағы радиацияны ыдырататынын біліп, міндетті тамақ рационына енгізген. Сол кезде әрбір жапон баласы таңертең міндетті түрде бөдене жұмыртқасын шикідей ішетін болған. Осының арқасында жапон халқы денсаулығын түзеп, ойлау қабілетін дамытты. Бүгінде жоғары деңгейде дамыған мемлекеттердің көшін бастап келеді. Бөдене жапон халқын құтқарып қалды десек те болады», – дейді Мұхтар Байбатшанов ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында.
Жапондықтар бөдене жұмыртқасын тұрақты тұтынған науқастың қатерлі ісіктің өзінен тәуір болатынын дәлелдеген көрінеді.
Қазіргі уақытта Жапонияда бөдене шаруашылықтары жақсы дамыған. Бұл елде жылына 19 миллиардқа жуық бөдене жұмыртқасы өндіріледі. Керек десеңіз, бөденені зерттейтін орталықтар, институттар құрылған. Сонымен қатар, бүгінде Қытай, Үндістан, Германия және басқа да елдер бөдене ісін жандандыруға қатты көңіл бөлген.
Бөдене жұмыртқасын шикілей, қайнатылған, қуырылған, пешке сусыз пісірілген күйінде пайдалануға болады. Оны түрлі салатқа қоссаңыз да өз еркіңіз. Ботқаға, картоп езбесіне немесе сорпаға да қосуға болады. Ең дұрысы, бәрінен пайдалысы – шикі күйінде ішу. Сонда ол өзінің айрықша дәрумендерін сақтап қалады.
Тоқетері, бөдене еті мен жұмыртқасы сырқат адамның жазылуына, дені сау адам үшін аурудың алдын алуға көмектеседі. Таза, әрі табиғи азықты күнделікті қолдансақ, көп шығынсыз түрлі дертке қарсы тұра алатындай денсаулығымызды нығайтуға болады. Бүгінде «ханның асы» саналатын бұл өнім дүкен сөрелерінде толып тұр. Ендеше, тұтынушылар қалағанынша сатып алуына мүмкіндігі бар.
