2023 жылы Мемлекет басшысының бастамасыменеліміздің облыс орталықтары мен мегаполистерінде 20 Еңбек мобильділігі Орталықтары құрылған болатын. Ал жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары «Мансап Орталықтары» болып қайта құрылды. Сол тұста, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылып, өз қызметін 2023 жылғы 1 шілдеден бастап кетті. Осы орайда аталмыш мекеменің мамандарымен емен-жарқын әңгіме өрбіткен болатынбыз.
Осы аралықта маман ретінде не түйдіңіз, қандай қиындықтарды еңсердіңіз?
— Иә, Түркістанға 2021 жылы ауысып келдім. Одан алдын Түркістан қаласына қарасты Сайрам ауданы, Шымкен қалаларында қызмет еттім. Ең алғашқы жұмысымды тәрбиеші болып, қоғамдық негізде бастағанмын. Содан бері әлеуметтік бағыттан айныған емеспін. Өздеріңізге белгілі, былтырдан бастап жұмыспен қамту орталықтарының барлығы жабылып, облыс бойынша «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылды. Жалпы біздің міндет халықты сапалы жұмысқа орналастыру. Әлеуметтік осал топтағы адамдарды үйлестіре отырып, олардың қоғамға бейімделіп кетуін қамтамасыз ету. Басшы ретінде осыны бастыназарда ұстау міндетім. Алғашында қиындықтар болды. Алайда оның бәрі тәжірибе арқылы орнына келетінін түсіндім.
Алғашында қиындықтар болды деп қалдыңыз. «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылғаннан кейін қандай мәселемен бетпе бет келді?
— Еңбек мобильділігі орталығы 2023 жылдың бірінші шілдесінен бастап жұмысын бастағаны баршаға мәлім. Бұған дейін 17 аудандағы жұмыспен қамту орталықтарының, яғни, қазіргі таңдағы мансап орталықтарының бюджеті өздерінде болып келген. Әр аудан өз бетінше сол қаржыны игеріп, үлестіріп отырған. Енді 2023 жылы шыққан жаңа қаулы нормасына сәйкес сол 17 ауданның бюджеті біздің орталыққа жүктелді. Бастапқы айда жұмыскерлерге қаржы аудару, белсенді шараларға тартылған азаматтарға қаржы жолдау қиындық тудырды. Жасыратын жоқ, бір ай қаржыны кешіктіріп төлеген кездер болды.Ал негізінен осы мәселенің туындауына барлық ауданның бюджеті бір орталыққа жүктелгені себеп болған еді. Қазіргі таңда, барлық олқылықтар жолға қойылды, ол этаптан да өттік.
Осы қиындықтан қалай шықтыңыз? Орталық басшысы ретінде қандай шара қолдандыңыз?
— Осы мәселенің туындауына байланысты қаржы бөлімін кеңейттік. Қазір бізде 17 ауданға он бухгалтер қызмет көрсетеді. Штаттық құрылымдық қызметті кеңейту арқылы осы проблеманың алдын алдық. Бүгінгі таңда қаржылық аударым бойынша мәселе жоқ, барлығы жолға қойылды. Ал біздің қазіргі міндетіміз бен күшіміз мемлекеттік грант бөлу жұмыстарын жүргізу. Әлеуметтік бағытта азаматтарға арналған жобалар легін бастап кеттік.
Әлеуметтік жобаларға тоқталайықшы. Түркістан облысында әлеуметтік кәсіпкерлер көп пе?
— Мен сізге бес жылдық салыстырмалы қорытындыны айта алмаймын. Себебі ол уақытта мен қызметте болмадым, әлі орталық құрылмаған болатын. Алайда 2023 жылыәлеуметтік жобаларға 1688 өтініш келіп түссе, биыл 1793. Оның ішінде биыл 897 жобаға арнайы грант бөлінеді. Осы көрсеткішпен салыстырып қарайтын болсақ, жылдан жылға әлеуметтік жобаларға деген қызығушылықтың артқанын байқаймыз. Енді әлеуметтік жоба болған соң оның негізгі шарттары болатыны белгілі. Кәсібі бар жандар бол жобаға қатыса алмайды. Негізгі аудиториясы әлеуметтік осал топтағы адамдар, көп балалы аналар. Сондықтан қоғамның осы тобы әлеуметтік салаға белсенді атсалысып, жоба ұсынып жатса өте қуаншыты жаңалық.
Облыста еңбек қатынастарын үйлестіру, халықты жұмыспен қамту бағытында тұжырымдама аясында бағдарламалар қалай жүзеге асуда? Төрт айлық көлемінде қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер?
— Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы болып өзгерді. Бұл жоба жаңа бағытта, жаңа форматта жүргізелетін болады. Жобаның негізгі мақсаты: халықты нәтижелі жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту бағытында белсенді шараларды ұйымдастыру болады. Осы ретте жобаның еңбек бағыты бойынша белсенді шараларына тоқталып өтейін. Төрт айда біз қандай нәтижелерге қол жеткіздік? Өздеріңізге мәлім, бүгінде жастар арасында жұмыссыздық белең алып отыр. ЖОО бітіріп жұмыс таппай жүрген жастар өте көп. Осы азаматтарға арналған «Жастар практикасы» деген бағыт бар. «Жастар практикасы» бұған дейін мерзімі 6 ай көлемінде болса, биылдан бастап 12 айға ұзартылды. Төленетін қаржы 30 АЕК, 110 760 теңге көлемінде қарастырылған. «Жастар практикасына» ЖОО-ны немесе арнаулы орта оқу орнын бітірген, диплом жарамдылығы 5 жылдан аспаған жастар қатыса алады. Биыл бұл бағытта 8 500 түлекті жұмыспен қамтуды жоспарлаған едік, қазіргі таңда 1 442 азаматты мамандығына сәйкес жұмысқа орналастырдық. Жұмыссыз жастарды қолдау шараларының бірі «Алғашқы жұмыс орны» деп аталады. Бұл бағытта әлеуметтік енжар санаттағы (NEET) санатындағы жастарға басымдық беріледі. Биыл біз осы санаттағы 1802 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлаған едік, бүгінде 995 адамды жұмысқа орналастырдық. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына қатысушыларынан диплом талап етілмейді, сондықтан мамандықсыз ұйымдастырылатын жұмыстар ұсынылды. Негізгі талабы: бұрын еш жерде жұмыс істемеген, аты айтып тұрғандай қатысушының алғашқы жұмыс орыны болуы тиіс. Тағы бір бағытымыз «Күміс жас» жобасы, ол дегеніміз 50 жастан асқан, зейнет жасына жетпеген жұмыссыз азаматтарды жолдай аламыз. Биылға «Күміс жас» жобасы бойынша 2 208 жоспарланса, 1 мамырға 2 037 азаматты жұмыспен қамтылды.
Мамандығы жоқ, жеке кәсібі жоқ қарапайым азаматтар үшін Жобаның қандай бағыттары әлеуметтік жағынан тиімді? Орталыққа жүгінген осы санаттағы азаматтарға арналған жобаның бағыттары бар ма?
— Бағдарламаның бағыттарының бірі «Қоғамдық жұмыс орны» деп аталады. Бұл уақытша сипатта ұйымдастырылатын жұмыстар. Қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Меншік нысанына да шектеу қойылмаған. Жұмыс беруші тарапынан сұраныс болса ұйымдастыра береміз. Негізгі басым бағыттар: Қоғамдық жұмыстар жұмыскердің алдын ала кәсіптік даярлығын талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағытқа ие. Қоғамдық жұмыстарға табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою қажеттілігіне байланысты қызмет түрлері жатпайды. Қоғамдық жұмыстардың мынадай ерекшеліктері бар: 1) жұмыстарды толық емес жұмыс күні шарттарында немесе икемді кесте бойынша ұйымдастыру мүмкіндігі; 2) өңір үшін экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан пайдалы; 3) арнайы білімі жоқ адамдарға уақытша жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріледі. Төрт айлық нәтижесінде 13950 адам жоспарланғанды, нәтижеде 11 101 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. Бұл бағыт жыл соңына дейін жалағасатын болады. Бұдан кейінгі белсенді шара «Әлеуметтік жұмыс орыны» деп аталады. Бұл жұмыс берушінің сұранысы негізінде ұйымдастырылатын жұмыс орындары. Мұнда да ерекше қойылатын талап жоқ, орталыққа жүгінген азаматтардың кәсіби біліктілігіне шектеу қоймаймыз, яғни бұған мамандығы жоқ азаматтар да қатыса алады. Әлеуметтік жұмыс орындары бағытында жұмыс беруші бекіткен, өтінімде көрсеткен жалақы мөлшерінің 35 пайызын мемлекет субсидиялайтын болады. Бұл әрине, жұмыс берушілер үшін де үлкен демеу болады деп есептеймін. Бұл бағытқа жеке сектордағы нысандар қатыса береді. Биыл облысымызда 3 мыңға жуық жұмыс беруші аталған бағдарламаға қатысуға ниет білдірді. Олардың қатарында жиһаз цехы, тоқыма өндірісі, тігін цехтары бойынша жұмыс орындары, қоғамдық тамақтандыру мекемелері бар. Жалпы, биыл біз 3 066 жұмыссыз азаматты (негізі 4 680 адам жоспарланған) әлеуметтік жұмыс орындарына бағыттап, жұмыспен қамтып отырмыз.
Жұмыссыздық деңгейі қай дәрежеде және оның әлеуметтік сипаты туралы таратып айтсаңыз.
— Түркістан облысы бойынша еңбек индикаторында талдау жүргізетін болсақ, биыл бізде экономикалық белсенді тұрғындар 850 мың адамды құрайды. Олардың қатарында жұмыссыздар үлесі 4,9 пайызды құрайды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2 пайызды құрайды бүгінгі таңда. Жыл басынан бері орталыққа жүгінген 33 мыңға жуық азамат жүгініп, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты. Олардың қатарында 13 мыңнан астам азамат жұмыссыз жастар санатындағы азаматтар, қалғандары 35 жастан асқан, зейнет жасына дейінгі орта жастағы азаматтар. Жалпы, жұмыссыздықтың әлеуметтік сипатына талдау жасау біздің орталықтың функциясына енбейді. Онымен басқа мекеме айналысады. Дегенмен, болжалды көрсеткіш: жұмыссыз ретінде тіркелген облысымыздағы дені 30 жаспен 62 жас аралығындағы орта жастағы азаматтар болып отырғанын көрсетеді.
Жұмыссыздық деңгейін төмендету барысында тағы да қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Бағдарламаны жүзеге асыруда мамандығы жоқ немесе өз мамандығы бойынша жұмыс таппай жүрген тұлғаларды қайта даярлау курстарына оқытып жатырмыз. Бізде кәсіби оқытуда екі бағытта жүргізеді. Бірінші кезекте жұмыс берушілердің сұранысы бойынша арнайы оқу ұйымдарында оқытатын болсақ, екінші жұмыс берушінің сұранысы бойынша жұмыс орындарында оқыту деген екі форматта жүзеге асады. Яғни, бұл дуальды оқыту деп аталады. Биылға 1315 азаматты осы қайта даярлау курсында оқытып нәтижелі жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Оқу ұйымында оқытатын кәсіби оқу бағыты бойынша аспаз және тігінші мамандығын қарастырып отырмыз. Өйткені, жұмыс беруші тарапынан осы мамандықтарға өтінім болып отыр. Яғни, еңбек нарығында осы мамандықтарға сұрасыныс бар. Қайта даярлау курстары қыркүйек айынан басталады. Ал, жұмыс орнында дуальды оқыту форматында біз 280 азаматты оқытуымыз керек. Мұнда экурсовед (гид) мамандығы бойынша курстан өтетін болады. Түркістан облысы туристік аймақ болғандықтан осы мамандыққа сұраныс болғандықтан жұмыс беруші тарапынан өтінім түсті. Оқу ұйымдарымен келісімшарттар түзілген. Курста 3 ай мерзімде оқиды. Мемлекет тарапынан 3 айға белгіленген мөлшерде шәкіртақы төленеді. Курсты бітірген азаматтарға сертификатпен бірге жұмыс орнына жолдама беріледі. Жұмыс берушінің өтінімімен оқытылғандықтан бітірушілер нәтижелі жұмыспен қамтылатын болады.
Жалпы, осы Ұлттық жобалар жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді деп ойлайсыз ба?
— Әрине. Біз биыл 98 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсету жоспарланған. «Жастар практикасы» бойынша 1442 жасты өз мамандығына сәйкес жұмыспен қамтыдық, ол көрсеткіш жыл соңына дейін 8 500-ге жетпек. Жоғарыда айтып өттім, оның мерзімі жарты жылдан 1 жылға ұзартылды. Кез келген саналы жас осы уақыт ішінде өзін жақсы қырынан танытып, сол мекемеде тұрақты жұмысқа қалуға ұмтылады. Біз жұмыс берушіге осы азаматтардың барлығын жұмысқа аласыз деп талап қоя алмаймыз. Мысалы, 10 жас түлекті бағыттайтын болсақ, жұмыс беруші соның ішінен сенімін ақтаған 3-4 түлекті тұрақты жұмысқа алып қалады. Сайып келгенде, мұның бәрі жастарды қолдауға, жұмыссыз азаматтарға беріліп отырған мүмкіндік. Жыл өткен сайын көрсеткішіміз жақсырып келеді. Жұмыссыздарды қолдауға бөлінген қаржы көлемі де жылдан жылға ұлғайып келеді. Мүмкіндіктеріміз де кеңейіп жатыр. Бұл әлбетте, белгілі бір деңгейде жұмыссыздықтың азаюына ықпал етеді деп ойлаймын
Ашық әрі боямасыз әңгімеңіз үшін рақмет. Алдағы ісіңізге сәттілік тілеймін!