«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясындағы кезекті қоғамдық қабылдау азаматтардың тұрғын үй және әлеуметтік мәселелер жөніндегі сұраныстары бойынша ұйымдастырылып, өткізілді. Партиялық алаңда өтіп жатқан тақырыптық қабылдаудың мәні мен мазмұнын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев түсіндіріп өтті.
Тұрғындармен кері байланыс арнасы боп түзілген алаңда тұрғындардың ең өзекті деген сұраныстарын Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының жауапты өкілдері, Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімдерінің жауапты азаматтары, инфрақұрылым және коммуникациялар секторының басшылық құрамы тыңдады. Қабылдауға келген тұрғындар салаға жауапты өкілдерден өздерін толғандырған мәселелердің құқықтық реттеу тетіктері жөнінде мағлұмат алып, азаматтарға ұсынылатын мемлекеттік қызметтер туралы жан-жақты ақпарат алды.
Партиялық алаңда өткен қабылдауда Түркістан қаласы Шауғар секторының тұрғыны Ғалия Қалдыбекова тұрғылықты жері бойынша көшелердегі жарықшамдар мәселесін көтерді. Тұрғынның базынасы тиісті мемлекеттік құрылымның бақылауына алынды. Баспана алу кезегі бойынша сұранысымен келген Диляра Батыроваға үй алудың заңда белгіленген тәртіптері түсіндірілді. Ал, Абуева Айжан қарыз ақшасын өндіріп алу мәселесі бойынша хабарласып, арыз иесіне тиісті мемлекетттік орган тарапынан заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап берілетіні айтылды.
Бірқатар тұрғындар атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселесі бойынша базынасын білдірсе, олардың қатарында осы көмекті тағайындайтын комиссия өкілдерін ауыстыру бойынша ұсыныстар білдірілді. Уәкілетті мемлекеттік орган өкілдері атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға негіз болатын заңда атап көрсетілген жағдайларды түсіндіре отырып, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың материалдық жағдайын тексеру мақсатында құрылатын учаскелік комиссиялардың құрамы әр тоқсанда жаңартылатынын мәлімдеді. Материалдық көмек көрсету өтінішімен жүгінген тұрғындарға қаржылай көмек көрсетуге дайын меценаттар анықталған жағдайда, тиісті хабар берілетіні айтылды.
Бүгінгі қабылдау барысында Түркістан қаласының тұрғыны Жақсыкүл Истамкулова осыдан 8 жыл бұрын үй кезегіне тұрғанын, телефоны жоғалып қалуына байланысты кезек ретін білмейтінін айтып, көмек беруін сұранған болатын. Азаматшаның деректерін үй кезегінде тұрған отандастарымыздың қатарынан іздеу барысында, оның кезегі бүгінгі таңда 342-ші болып тұрғаны анықталды. Бұл дегеніңіз, аталған азаматша ұзақ күткен баспанасына биылғы жылдың соңында немесе келесі жылдың басында қол жеткізеді деген сөз. Қуанышты хабарды естіген Жақсыгүл Истамкулова көз жасына ерік беріп, үмітінің ақталғанына шүкіршілік етті. Нақты көмегін ұсынған «AMANAT» партиясына ризашылығын білдіріп, баспаналы болу арманынының орындалуына себепші болған мемлекетке деген алғысын жаудырды.
Әрбір азаматтың құқы, еркі қорғалған, адал еңбегімен, білім-білігімен көздеген асыл мұратына қол жеткізе алатын демократиялық, әділетті әрі бақуатты мемлекет құру – баршамыз атқаратын перзенттік борыш. Ел тұрғындарының қуаныштары көп болсын! Азаматтарымыздың арманы орындала берсін!