Қазақстан 2026 жылға қарай цифрлық өнімдер мен қызметтердің экспортын 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Отандық ІТ өнімдерін енгізуді ынталандыру және ІТ мамандарды тарту бойынша шаралар әзірленіп жатыр. Сыртқы істер министрлігі заңнамаға шетелдік IT мамандары үшін визаның жаңа түрін қосуға бағытталған өзгерістер енгізеді. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстанға келуіне шақыру берудің тиісті ережелеріне «Сұраныстағы мамандығы бар тұлғалар» деген ерекше санат қосылады.
Digital Nomad визасын алу үшін IT мамандарының айына 2000 еуродан асатын табысы және Қазақстанда жарамды медициналық сақтандыруы болуы керек. Виза бір жылға жарамды болады, ал оны алушылар салық төлеуден босатылады.
Қазіргі заңнамаға сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің азаматтарына елде ұзақ тұру үшін қазақстандық компаниямен жасалған еңбек шарты негізінде Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алу талап етіледі. Алайда бұл жағдай басқа елде қашықтан жұмыс істейтін, бірақ Қазақстанның резиденті болып қалатын «цифрлық көшпенділерге» жарамайды.
Үкіметтегілер цифрлық көшпенді визаға қатысты барлық мәліметті кейінірек айтамыз деген уәде берді. Сол кезде бұл опцияға өтініштер де қабылдана бастайды. Ал, біздің «әліптің артын бағып» күтуден басқа амалымыз жоқ. Digital Nomad Residency бағдарламасы
Мемлекет басшысының елімізді көшпенділер ордасына айналдыру жөніндегі тапсырмасына қатысты, яғни Digital Nomad Residency туралы Astana Hub халықаралық технопаркінің мамандарынан сұрадық.
Бұл тетік әлеуетті «цифрлық көшпенділерге» әлемнің кез келген жерінен онлайн режимде «бір терезе» қағидаты бойынша жеңілдетілген түрде Қазақстанға кіруге рұқсат алу, елге келгеннен кейін тұруға ықтиярхат алу мүмкіндігін көздейді. Қазір Astana Hub базасында әр өтініш берушінің біліктілік құжаттарын қарау және онымен әңгімелесу нәтижесінде шетелдік IT маманының құзыретін растау процесі пысықталып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Digital Nomad Residency бағдарламасын іске асыру тәсілдерін үйлестіруді жеделдету жөніндегі жұмыс тобы бар, – деп жауап берді Kazinform тілшісіне Astana Hub баспасөз қызметінен.
