Жалпы елімізде ІТ саласының дамуына жағдай жасалған. «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі алаңында салықтың барлық түрін төлеуден босатуды көздейтін эксклюзив салық режимі бар технологиялық экожүйе жұмыс істейді.
Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында Қазақстанға InDrive (2,5 млрд АҚШ доллары), Playrix (7 млрд АҚШ доллары), Mytona (2 млрд доллар), NetCracker (14,4 млрд доллар), Ozon (6,2 млрд доллар) және тағы басқа құны миллиард доллардан асатын әлемдік жетекші технологиялық компанияларды тартуға мүмкіндік туған.
2023 жылғы желтоқсанда «Коммерсант» басылымында «цифрлық көшпенділер» үшін ең тартымды елдердің халықаралық рейтингі жарияланды, оған 38 мемлекет кірді. «Цифрлық көшпенділер» (Digital Nomad Visa) үшін арнайы визалық режим енгізбегендіктен Қазақстан бұл тізімде жоқ. Дегенмен Қазақстан цифрлық көшпенділер үшін экономикалық жағынан тартымды ел саналады. Мысалы, рейтингтің басында тұрған Эстония, Мексика және Грузия сияқты елдермен салыстырғанда Қазақстанда жеке табыс салығының ставкасы екі есе төмен. Ал егер бейрезидент Astana Hub-қа қатысушы компанияның қызметкері болса, «цифрлық көшпенді» елде болған алғашқы 6 айда ғана 10 пайыздық жеке табыс салығын төлеуге міндетті. Мамандардың айтуынша, егер арнайы визасын енгізсе, Қазақстан аталған рейтингте ТОП-20 қатарында болар еді. Дегенмен, шетелдің IT мамандарын тарту тәжірибесі қазіргі жұмыс визаларын алу механизмінде күрделі бюрократиялық процедуралар бар екенін көрсетіп отыр.
Технопарктің мәліметінше, Қазақстанда 1,3 мыңнан аса IT-компания заңды тұлға ретінде тіркеліп, Astana Hub қатысушысына айналды (АХҚО-да орналасқандарды қоса алғанда), оның ішінде 390-ы шетелдің қатысуы бар компаниялар. Былтыр қатысушыларға салынған инвестиция көлемі шамамен 57,6 млрд теңгені құраса, осы кезеңдегі кіріс 400,2 млрд теңге болды. Оның 171,4 млрд теңгесін шетелдің қатысуы бар компаниялар алған. Бұл компанияларда қазір елімізде тұрақты тұруға ниет білдірген бес мыңға жуық шетелдік жұмыс істейді.
Шетелдік компаниялар мен олардың қызметкерлерін, фриланс биржаларда жұмыс істейтін, біздің елде тұруды қалайтын шетелдік IT мамандарын Қазақстанға тұрақты тарту үшін «цифрлық көшпенділерді» қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралар шешуші рөл атқарады, – деп жауап берді Astana Hub баспасөз қызметінен.
