Әлеуметтік желілерде алаяқтар көбейді. Киберқауіпсіздік саласының мамандары қашанда жұртты Telegram желісінде кең таралған осындай алаяқтардан сақ болуға шақырып отырады. Интернет алаяқтар адамды алдап, қақпанына түсіру үшін құйтұрқылықтың небір түріне барады. Мысалы, «біздің компания бүгінде ақшаға мұқтаж адамдардың бәріне көмек көрсетуге дайын», «Сіз ресми түрде жұмыс істемесеңіз де сізге несиенің берілетіне кепіл боламыз», «несие ресімдеген адамның барлығына ай сайынғы 1 төлемін жауып береміз» деген сықылды жарнамаларын күн сайын жариялайды. Ал олардың арбауына түсіп қалмас үшін қандай белгілерін білу керек? Осы орайда Түркістан өңірінің тұрғындарына тиісті салада атқарылған істер туралы аз-кем ақпарат ұсынып отырмыз.
Айталық, облыстық «Жастар Рухы» жастар қанаты тарапынан да белсенді жұмыстар байқалады. Жақында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастарды қолдау» жөніндегі кеңесте де осы жайт қызу талқыланды. Кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттың төрағасы Ханай Әшірбеков елімізде ойынқұмарлықтың дабыл қағатын жағдайға жеткенін жеткізді. Бастапқыда білместікпен басын тыққан бұл құмар ойынның соңы тәуелділікке жеткізіп, талай отбасының шырқын бұзып отырғаны, мұнымен қоғам болып күресуіміз қажеттігі сөз болды.
Өңірдің бірқатар ауданында жастар арасында агрессия, зорлық-зомбылық, құмар ойындар және бейәлеуметтік көріністер, буллинг пен кибербуллинг, жат қылықтар, құмар ойындардың алдын алу, жастардың ата-анамен қарым-қатынасы, девиантты мінез-құлықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары барысында оқушылардан аноним сауалдар алынды. Аталған сауалнама қорытындысында қазір жастардың тәуелділік (лудомания) пен ойынқұмарлық дертіне шалдығуының себептерін биологиялық, психологиялық, қоршаған орта, әлеуметтік және рухани жағдайларға байланысты екендігі көрсетілген.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, егер заң жобасы бекітілсе, жарнамаға шектеулер қойылып, тыйым салынады. Олардың елімізге заңсыз импорты тоқтатылып, алимент, салық және несие бойынша борышкерлер тізілімінде тұрған жеке тұлғалардың құмар ойын ойнауына тыйым салынатын болады.