
Банк картаны бұғаттап, қайта жаңасын шығарады. Сондай-ақ, алаяқтардың сіздің атыңызға жалған қарыз ресімдемегеніне көз жеткізу үшін, міндетті түрде кредиттік бюроларда, ХҚКО-да немесе egov.kz сайтында дербес кредиттік есепті алып, оны мұқият қараңыз. Алданып, оның алаяқ екенін білген болсаңыз: «Қазір менде ақша жоқ еді, бір жерден алып келейін, жарты сағаттан кейін немесе ертең хабарласа аласыз ба?» деген секілді онымен қарым-қатынасты созудың амалын жасау қажет. Яғни, ол телефондарын өшіріп, мүлдем жасырынып кетуіне жол бермеуге тырысқан жөн. Сол секілді терминалмен төлеген чектерді, әлеуметтік желіде, мессенджерлер арқылы сөйлескен диалогтарыңыз болса, оларды да сақтап, дереу арада құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Бұл мәліметтер алаяқты тезірек құрықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек. Әлеуметтік желілердегі өз профиліңіздің дербестігін баптауларда байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді етпеген дұрыс. Мобильдік нөмірді (бизнес-аккаунт) көрсету қажет болған жағдайда, жеке және жұмыс нөмірлерін бөлу қажет, яғни жеке нөмірді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдаланған дұрыс. Есептік деректеріңізді үнемі тексеріп, көп факторлы аутентификация пайдаланылатын сенімді парольдерді қолданыңыз. Браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларда пайда болатын түрлі терезелер мен хабарламаларға қатысты абай болыңыздар. Банк картаңыздың деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтпаңыз. Сондай-ақ, банктен келіп түсетін SMS-кодты ешбір жағдайда бейтаныс жандарға хабарламаңыз.