
«Ақылды» таблеткалар биологиялық ыдырайтын электрониканың перспективті бағыты саналады. Пациент таблетка секілді құрылғыны жұтады. Ол болса, полимер электродтардан тұрады. Олар пилюле қозғалтқыштың орнын басып, қозғалта бастайды. Құрылғы биологиялық ыдырайтын капсулаға салынады. Ішек құрылысына барған соң, таблетка тіндердің жағдайына анализ жасап, бұлшықеттерге тоқ арқылы стимуляция жасайды не дәрі жібереді. Жұмысын атқарып болған соң, ағзадан табиғи жолмен шығып кетеді. Осы орайда Түркістан облысының тұрғындары үшін медицина саласындағы смарт технологияларға шолу жасап, қадірлі оқырмандар назарына «ақылды таблеткалар» жайлы аз-кем ақпаратты ұсынып отырмыз. Көбіне мұндай смарт дәріні капсулалық эндоскопияда қолданады. Пациент ішіне камера орнатылған құрылғыны жұтады да, сол арқылы капсула асқазан және ішек жолдарының тіндерін суретке түсіріп береді. Осылайша әдеттегі эндоскоп түтіктің жұмысын атқарады.
Десе де, мамандар толықтай эндоскопияның орнын баса алмайды дейді. Өйткені биопсияға материал ала алмайды. Яғни дәстүрлі процедуралармен салыстырғанда мұндай жүйенің диагностикалық мүмкіндігі әлсіздеу. Стэнфордың биотехнологтары денедегі ұсталуы қиын жерлеріне ене алатын құрылғы жасап шығарған еді. Робот жауынқұртқа ұқсайды. Құрт сияқты жыбырлап, созылып-қысқарып отырады. Жауынқұрт секілді қозғалатындықтан, дене сұйықтықтарының кедергісін жеңуге және зерттелетін аймаққа мықтап бекуге мүмкіндік туады. Зерттеу жасағандардың айтуынша, бұл құрылғыны эндоскопия, биопсия, дәрілерді қажет жерге жеткізуде қолдануға болады.
Сондай-ақ, 2023 жылы тұңғыш рет CRISPR-Cas9 негізіндегі терапияға рұқсат берілгенін де айта кетейік. Ұлыбританияда орақ жасушалы анемия мен бета-талассемияны емдеуге Casgevy деген препарат қолданылады. Мұндай ауру кезінде гемоглобин жұмысы бұзылады. Терапия үш кезеңнен тұрады. Пациент алдымен қан тапсырады. Оның жасушалары ген модификациясынан өткізіледі. Сөйтіп ғалымдар қан жасушасындағы BCL11A генін «сөндіріп» қояды. Жалпы адамда ұрық дамып жатқан кезде ағзада гемоглобиннің ерекше түрі пайда болады. Ген модификацияланған соң сондай ұрық гемоглобині жұмысын қайта бастап, біртіндеп ересек адамның гемоглобинін біртіндеп ауыстыра бастайды. Одан соң қанның өңделген жасушаларын пациентке қайтадан салады. Бұл процесс бас-аяғы бірнеше айға созылады. Ал одан кейінгі терапиялық әсер ұзақ сақталады екен.