
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі халықты жасанды интеллект технологияларына оқыту жобасын ұсынды.
Жоба бойынша елімізде 5 жыл ішінде 1 млн адамды даярлау жоспарланған.
«Бұл 500 мың оқушы, 300 мың студент, 90 мың мемлекеттік қызметші, 80 мың кәсіпкер және халықтың 30 мың басқа санатын қамтиды. Сонымен қатар ведомство мектеп оқушыларына арналған TUMO креативті технологиялар орталығымен бірге, білім беру жобаларын іске қосып жатыр», делінген хабарламада.
Сондай-ақ биылғы қазан айында ЖИ саласындағы мамандарды даярлау үшін өңірдегі алғашқы TomorrowSchool жасанды интеллект мектебі ашылды.
Естеріңізге сала кетейік, Президент азаматтардың жасанды интеллект саласындағы сауатын ашып, біліктілігін арттыру қажет екеніне назар аударған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бес жыл ішінде 1 миллион адамды жасанды интеллект дағдыларына үйрету міндетіне ерекше көңіл бөлген жөн. Оқушыларға, студенттерге, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлерге арналған бағдарламаға барынша қолдау көрсетілуге тиіс.
«ЖИ технологиялары саласындағы отандық және халықаралық білім беру бағдарламалары еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға үлес қоса алады. Үкіметке жасанды интеллект бағытында маман даярлауға арналған AI-Sana бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мәселесін қарастыруды тапсырамын. Аталған бағдарлама оқу, зерттеу және стартаптарды әзірлеу үдерістері тоғысатын динамикалық экожүйені қалыптастыруға ықпал етуге тиіс. Әлемнің жетекші университеттерінің акселерация тәжірибесін қолданған дұрыс. Жасанды интеллекттің пайдасын Қазақстанның әрбір тұрғыны білуі керек. Оның не үшін қажет екенін, қалай дұрыс қолданылатынын ыждаһаттықпен түсіндірген жөн», деді Президент.