
Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан жасанды интеллект мүмкіндіктері, соның ішінде қылқалам өнері, шығармашылық индустрия ортасында алаңдаушылық туғызып отыр. Қазір нейрожелілер көркем шығармаларды жасаудың жаңа құралы ретінде белсенді қолданылады, оған студенттер де білдей сала иелері де машықтанып алған. Себебі ол арнайы білім беруді қажет етпейді, өнер саласында таза техникалық дағдыларға ие болу қажеттілігінен де арылтады.
Мәселен, 2022 жылы Американың Колорадо штатында өткен өнер байқауында «Цифрлық өнер» санатында жасанды интеллект мүмкіндігін пайдаланған қатысушы жеңіске жетті, ал белгілі Cosmopolitan журналы арлғаш рет өз мұқабасын DALL-E 2 бағдарламасы арқылы жасап шығарған.
Осы тұста дарыны арқылы нан табатын өнер адамдарының алаңдаушылығы да өте орынды. Жасанды интеллект бағдарламаларын жетілдіру аясында адамның мүмкіндіктерінен асып түсетін дағды пайда болмайтынына кім кепіл? Алайда, нейрожелілік бағдарламалардың кемшілігі де бар — оның суретші сияқты жеке тәжірибесі мен терең интерпретациясы болуы мүмкін емес. Жасанды интеллект сыни тұрғыдан ойлауға қабілетсіз: ол тек ашық көздерде орналастырылған визуалды ақпарат ағынын талдаусыз тұтынады.
Жасанды интеллект жасаған суреттер — өнерден туған тың туынды емес, тек компьютерде жасалған суреттер, сәйкесінше AI қызметтерін пайдаланатын қолданушыларды суретші деп атау қате болар. Себебі кескінді адам емес, машина жасайды – демек, процесс іс жүзінде шығармашылыққа жатпайды. Өнер адамдары прогресс ұсынатын мүмкіндіктердің ұтымды тұстарын керегіне жаратса құба құп.
Бүгінде Open AI «көмегін» маркетолог мамандар да қарқынды пайдаланып жатыр. Мәселен, отандық автомобиль өндіруші Allur компаниясы жарнама агенттігімен бірлесіп, Орталық Азиядағы нейрондық желілер арқылы жасалған алғашқы бейнероликті ұсынды. Айта кетсек, Қазақстандағы бизнесте мұндай бірегей ынтымақтастық алғаш рет жасалып отыр.
«Бұл идея көрерменге көліктердің тек тасымалдау құралы емес екенін түсіндіреді. Біз көпшілікке жаңа техниканың ерекше сезім сыйлайтынын, алға ұмтылдыратынын, жаңа бастамаларға жетелейтінін көрсеткіміз келді», дейді компанияның шығармашылық директоры.