
Еліміздегі IT, киберқауіпсіздік саласының проблемалары, халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру үшін не істеу керек, мамандардың потенциалын көтеру үшін қандай шаралар қолға алынуы тиіс, оған қоса киберқылмыскерлердің арбауына түсіп қалмас үшін не істеу қажет деген сауалдар төңірегінде Target Information Security-дің негізін қалаушы, ақпараттық қауіпсіздік саласының аудитор-маманы Лаура Тлепинамен сұхбаттың жалғасын назарларыңызға ұсынамыз.
– Негізі бұл салада кадр жетіспейтіні көп айтылады. Мемлекет басшысы да кешегі Жолдауында елімізде IT, ақпараттық қауіпсіздік салаларында мамандар тапшы екенін, сол үшін шетелдік мамандарға виза беру мәселесін көтерген болатын. Қалай ойлайсыз, шынымен де маман жетіспей ме, әлде өзіміздің мамандардың потенциалын пайдалана алмай жүрміз бе?
– Иә, дұрыс айтасыз. IT саласы болсын не киберқауіпсіздік саласы болсын, мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Дейтұрғанмен, мемлекет басшысы атап өткендей, шетелден келетін мамандарға виза беру деген мәселе ойланарлық дүние. Онымен толықтай келісе алмаймын. Өйткені бізде болашағынан көп үміт күттіретін, потенциалы жоғары мамандар мүлдем жоқ емес, негізінде бар. Бірақ бізде жалақы мәселесі шешілмегендіктен, әлеуеті жоғары мамандар шет мемлекеттерге кетіп жатыр. Сол жақта әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, қызмет атқарып жүр. Сондықтан да шетелден келетін мамандарға басымдық бермей, керісінше біздің азаматтарға жағдай жасап, олардың жалақысын арттыру секілді шараларды қолға алу керек. Сонда олар да ешқайда кетпейді деп ойлаймын.
– Бүгінде біздің киберқауіпсіздік саласында қандай нақты проблемалар бар? Болса, онымен қалай күресеміз? Қандай шараларды ұсынар едіңіз?
– Қазіргі кезде еліміздегі киберқауіпсіздік саласында бірқатар проблема бар. Оның ең бастысы ретінде халықтың ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі сауатының төмендігін айтар едім. Соның салдарынан алаяқтардың арбауына түсіп, қаншама адам ақшасынан, мүлкінен, абыройынан айырылып жатыр. Сол себепті білім беру керек, халықтың сауатын ашу бағытында бірқатар іс-шаралар қолға алынуы тиіс. Ал корпоративтік жүйеге тоқталатын болсақ, менің ойымша, киберқауіпсіздік саласына қатысты өнімдерді өзіміз шығаруымыз қажет. Мемлекеттің, азаматтардың жеке деректері өте маңызды болғандықтан, оған баса мән берілуі керек. Алайда біз басым көпшілігін, мәселен, бақылау жүйелерін болсын, антивирус жүйесін болсын шетелден импорттауға мәжбүрміз. Мысалы, бізде IT саласын оқытатын, білім беретін оқу орындары жоқ емес, бар. Сондай білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге киберқауіпсіздік саласына қажетті өнімдерді жасап шығару міндеттелмесе де, қолдау көрсетіліп, бағыт-бағдар берілуі тиіс. Өйткені осындай жүйелерді жасау үшін бізге арнайы бағдарламалар қажет.