ТҮРКІСТАН: ОНЛАЙН ҚЫЛМЫС ОРҒА ЖЫҒАДЫ

Бүгінде әлемде секунд сайын 12 000 адам кибершабуылға ұшырайды, ал киберқылмыстан келетін шығын жылына 100 миллиард доллардан асып жығылады. Ал Қазақстанда былтырғы мамырдағы мәліметке сүйенсек, тіркелген алаяқтық фактілерінің 42,7%-ы онлайн-қылмысқа тиесілі екен.

Алаяқтық фактілерінің жартысына жуығының интернеттегі қылмысқа тиесілі болуы салада проблема бар екенін білдіреді. Оған қоса Мемлекет басшысы Жолдауында елімізде IT саласының мамандары жетіспейтінін айтқан болатын. Осыған байланысты шетелден келетін мамандарға енді Қазақстанда тұрақты тұру үшін виза берілмек. Осы тұста, жалпы еліміздегі IT, киберқауіпсіздік саласының проблемалары, халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру үшін не істеу керек, мамандардың потенциалын көтеру үшін қандай шаралар қолға алынуы тиіс, оған қоса киберқылмыскерлердің арбауына түсіп қалмас үшін не істеу қажет деген сауалдар төңірегінде Target Information Security-дің негізін қалаушы, ақпараттық қауіпсіздік саласының аудитор-маманы Лаура Тлепинамен сұхбатты ұсынамыз.

– Лаура ханым, алғашқы сауалымды еліміздегі киберқауіпсіздік саласының даму деңгейінен бастағым келіп отыр. Мәселен, Қазақстан өткен жылы әлемдік киберқауіпсіздік рейтиңінде 182 елдің ішінен 31-орын алды. Қалай ойлайсыз, бұл көрсеткіш Қазақстанда осы саланың жақсы дамығанынына дәлел бола ала ма?

– Жалпы Қазақстан секілді жас мемлекет үшін 180-нен астам елдің ішінде 31-орынға жайғасу – үлкен жетістік деп айтар едім. Осыдан төрт жыл бұрын ғана, яғни 2018 жылы еліміз 83-орында тұрақтағанын ескерсек, бұл — тамаша жеңіс. Жоғарыда мен атап өткен сандар еліміздегі киберқауіпсіздік саласының қарқынды дамып жатқанынын бір дәлелі бола алады. Осы қарқынмен дамуы жалғаса берсе, болашақта бұдан да жоғары көтеріліп, жақсы орындарға қол жеткізеді деп үміттенем. Менің ойымша, бұл осы салаға жауапты министрлік жұмысының сәтті жүзеге асып жатқандығының белгісі. Қазір технологияның қарыштап дамуына байланысты қауіп те көбейе бастады, сондықтан салаға көңіл баса назар аударылып, қомақты қаржы да бөлініп жатыр. Оған қоса бүгінде саладағы проблеманы ашық отырып талқылайтын алаңдар да жоқ емес. Мәселен, елімізде форумдар мен конференциялар жиі өткізіліп тұрады. Соның бәрі саланың кемшін тұстарын одан әрі жетілдіруге септігін тиігізіп отыр деп ойлаймын.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *