
ҚР ҰҚК Компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметі (KZ-CERT) жеке деректерді киберқылмыскерлерден қорғау бойынша ұсынымдар беруде. Аталған ұсынымдарды Түркістан облысы тұрғындарына түсіндіру мақсатында төмендегі мақаланы жариялап отырмыз.
Компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметі – компьютерлік қауіпсіздік қауіптерінің алдын алуда пайдаланушыларға консультативтік және техникалық қолдау көрсететін, компьютерлік инциденттер жөніндегі ақпараттарды жинайтын және талдайтын бірыңғай орталық.
Карантин кезінде Қазақстан аумағында банк секторы айрықша шабуылға ұшырады. Оқиғалардың басым бөлігі банктердің интернет-ресурсының эмуляциясына байланысты болды. Мұнда онлайн-сауалнама немесе авторизация қажеттігі сылтауымен пайдаланушыны интернет-банкингтегі «Жеке кабинет» немесе несие картасының деректерін қалдыруға итермелейді. Сонымен бірге, қаскөйлер азаматтардың қаржылық мұқтаждығын пайдаланып, жалған Telegram-боттар, сауалнама-сайттарын құрып, қарапайым сауалнамадан өтіп, ақшалай сыйақы алу ұсынылған.
Биыл әлеуметтік инженерия пайдаланылатын vishing түріндегі алаяқтық жағдайлары жиі орын алды. Бұл жағдайда қаскөйлер телефон арқылы белгілі бір рөлді (банк қызметкері, сатып алушы және т.б.) атқарып, түрлі сылтаумен карта иесінің құпия ақпаратын алады немесе карталық шотымен/несие картасымен белгілі командаларды жасауға итермелейді.
Қазақстанның киберқауіпсіздігі қандай деңгейде?
Мемлекеттердің киберқауіпсіздік деңгейін бағалайтын Жаһандық киберқауіпсіздік индексіне сәйкес, Қазақстан бір жылда 83-орыннан 40-орынға дейін 43 позицияға көтерілді. ТМД елдері арасында Қазақстан Ресейден кейін екінші орынды иеленді, сондай-ақ үздік бестік қатарына Өзбекстан, Әзірбайжан және Беларусь енген.
Ақпараттық қауіпсіздік бойынша елімізде 20 мыңнан астам хакерлік шабуыл тіркелген. KZ-CERT қызметіне азаматтар vishing, зиянды бағдарламалық жасақтама, бұзу, ақаулар мен ботнеттер оқиғалары бойынша жиі жүгінеді.