
Сақтандыру жағдайы басталған кезде мынадай әрекеттер алгоритмін орындау қажет:
- Сақтандыру компаниясын шартта белгіленген мерзім ішінде жазбаша өтінішіңізді ұсыну арқылы барынша жылдам хабардар етіңіз.
- Сақтандыру шартында көрсетілген әрекеттердің біртіндеп орындалуын қадағалаңыз.
- Сақтандырушыға барлық растаушы құжттарды, материалдарды дайындап беріңіз. Бұл сақтандыру жағдайына қатысты туындайтын даудың алдын алу үшін қажет.
Сақтандыру төлемін тек қана сақтандыру компаниясына қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін және шарттың барлық талаптарын сақтаған жағдайда ала аласыз.
Сақтандыру шарты нақты тәуекелдер мен нақты төлемдерді көрсетуі қажет. Сақтандыру компаниясын таңдауда өте мұқият болыңыз. Ол сенімді әрі оның сақтандыру төлемдерінің тетігі реттелген болуы шарт.
Сақтандыру шартына қол қоймас бұрын, оның мазмұнына назар аударуыңызды сұраймыз, атап айтқанда:
- Сақтандыру жағдайларының тізімі. Белгілі бір сақтандыру төлемі төленетін жағдайлар. Сақтандырушы өтемақыны тек шартта/полисте жазылған және тек көрсетілген жағдайларда болған тәуекелдер мен сақтандыру жағдайлары бойынша ғана төлейтінін біліңіз.
- Сақтандыру жағдайларынан ерекше жағдайлардың тізбесі. Бұл ерекше жағдайларға олар орын алған кезде сақтандырушы сақтандыру төлемін төлемеу құқығын өзіне қалдыратын жағдайлар жатқызылады.
- Франшизаның болуы және мөлшері. Франшиза — бұл сақтанушының сақтандыру шығынын өтеуге өзінің қатысуы. Франшиза мөлшері сақтанушы сақтандыру жағдайы басталған кезде өз бюджетінен төлейтін соманы көрсетеді.
Сақтандыру ұйымдары заңнама талаптарын бұзғаны үшін оларға тиісті шаралар, атап айтқанда Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінде белгіленген негіздер бойынша айыппұл өндіріп алу түріндегі шаралар қолданылатынын есіңізде сақтаңыз.
Егер сізге сақтандыру қызметтерін көрсету және қаржылық қызметтерді тұтынушы ретінде құқықтарыңызды қорғау мәселелері бойынша кеңес қажет болса, Сіз кез келген уақытта Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне аласыз.