
Сақтанушы шарттың барлық талаптарын зерттемей, құжатқа қол қоятын жағдайлар жиі болады. Кейіннен ол шартта өзі келіспейтін тармақтар бар екенін түсінеді. Мысалы, бұл сақтандыру сомасының немесе сақтандыру төлемінің мөлшері болуы мүмкін.
Сондықтан сақтандыру шартын жасамас бұрын, оның сіздің мүдделеріңізге сәйкестігі жөніндегі талаптарын егжей-тегжейлі зерделеңіз. Сақтандырушының өкілінен қолайсыз оқиғалардан қорғалғаныңызға сенімді болу үшін күмән тудыратын шарттың ережелері туралы түсініктеме беруін сұраудан тартынбаңыз.
Шартқа оның барлық талаптарымен келіспейінше қол қоймаңыз.
Сақтандыру шартына қол қоймас бұрын, оның мазмұнына назар аударуыңызды сұраймыз, атап айтқанда:
- Сақтандыру жағдайларының тізімі. Белгілі бір сақтандыру төлемі төленетін жағдайлар. Сақтандырушы өтемақыны тек шартта/полисте жазылған және тек көрсетілген жағдайларда болған тәуекелдер мен сақтандыру жағдайлары бойынша ғана төлейтінін біліңіз.
- Сақтандыру жағдайларынан ерекше жағдайлардың тізбесі. Бұл ерекше жағдайларға олар орын алған кезде сақтандырушы сақтандыру төлемін төлемеу құқығын өзіне қалдыратын жағдайлар жатқызылады.
- Франшизаның болуы және мөлшері. Франшиза — бұл сақтанушының сақтандыру шығынын өтеуге өзінің қатысуы. Франшиза мөлшері сақтанушы сақтандыру жағдайы басталған кезде өз бюджетінен төлейтін соманы көрсетеді.
- Сақтанушының сақтандыру жағдайы басталған кездегі іс-қимыл тәртібі. Бұл орайда сақтандырушыны сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабардар ету мерзімі мен тәртібі өте маңызды екендігін ескерген жөн. Егер хабардар етудің мерзімі немесе тәртібі бұзылса, дәлелді және объективті себептер бойынша хабарламау жағдайларын қоспағанда, бұл сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту үшін негіз болуы мүмкін.
Мысалы, азамат жазатайым оқиғаға тап болды болды және ол сақтандыру шартын жасады. Егер ол орын алған оқиға туралы сақтандырушыға хабарлай алмаса, мысалы, ауруханада жатса, онда бұл дәлелді себеп.