
Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Қазақстанда жаңа ұялы байланыс операторлары пайда болатынын мәлімдеді. Айта кетейік, Мәжіліс қабырғасында «Байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Осы салаға жауапты екі бірдей вице-министрдің келгені сол еді, журналистер Алматыда болған жер сілкінісі кезінде жұртқа неге төтенше жағдай туралы хабардың уақытылы келмегенін сұрады. Асхат Оразбектің айтуынша, бір уақытта бүкіл байланыс операторлары арқылы хабарлама жіберілген. Бірақ СМС-тің жетуі кешеуілдеген. Енді ведомстводағылар бұл проблеманы жүйелі түрде шешеміз деп бекініп отыр. Осы және өзге де қызықты ақпараттарды арнайы Түркістан облысының тұрғындарының назарына ұсынып отырмыз, «Керек дерек» айдары арқылы оқып таныса аласыздар. Асхат Оразбектің айтуынша, «Қолжетімді интернет» жобасы аясында байланыс нарығына жаңа шағын және орта байланыс операторлары шығады.
«Біздің елде «Қазақтелеком» компаниялар тобы атынан доминант және бір тәуелсіз ұялы байланыс операторы – Beeline жұмыс істейді. Қазіргі уақытта «Мобайл Телеком-Сервис» жеке инвесторға сатылады және нарықта үш оператор пайда болады. Бұл мәселені жүйелі шешеміз. Енді жедел хабарлама жүйесін іске қосамыз. Яғни, сіздің телефоныңыз қосылып тұрса, ол хабарлама лезде келетін болады. Смартфон дыбыссыз режимде тұрса да, ол хабарламаны естисіздер. Бүгін байланыс туралы заң бірінші оқылымда мақұлданды. Енді екінші оқылымға азаматтық қорғау заңына жедел хабарлама жіберу туралы норма енгізуді көздеп отырмыз, » — деді вице-министр Асхат Оразбек.