
ChatGPT нейрон желісін пайдаланып үйрену оп-оңай. Ол үшін міндетті түрде техникалық білім керек емес. Бір меңгеріп алсаңыз, өміріңізді біршама жеңілдетуге көмектеседі. Бастысы, пайдалы промпт үлгілерін білсеңіз болғаны. Промпт деген — нейрон желісіне тапсырма ретінде беретін сұраныс. «Керек дерек» айдары арқылы түркістандық тұрғындардың назарына күнделікті қолданысқа керек болатын сұраныстарды тізіп шықтық.
ChatGPT-ге арналған күнделікті промпттар
- Күндік жоспар жасатуға болады. Жұмыстарыма үлгеру үшін жоспар құруға көмектес. Бүгін мына нәрселерді жасауым керек: [шаруаларыңызды тізіп шығыңыз].
- Таңдауға көмектесе алады. Маған [№ 1 нұсқаны жазыңыз] мен [№ 2 нұсқа] екеуінің бірін таңдауға көмектес. Ол үшін мына екі нұсқаның артықшылықтары мен кемшіліктеріне анализ жасап шық.
- Жаттығу схемаларын құрып береді. Енді бастаған адамға арналған 30 минуттық жаттығу жоспарын жасап бер. Менде [өзіңізде бар жабдықтарды тізіп шығыңыз] мынадай жабдықтар бар. Менің мақсатым мынадай: [жаттығу жасаудағы мақсатыңыз қандай екенін жазыңыз, бұлшықетпен жұмыс па, салмақ тастау ма].
- Фильм, кітап, подкаст таңдауға көмектеседі. Мен [контент түрі мен жанры] [кітап оқу, фильм қарау, подкаст тыңдау — керегін таңдаңыз] келеді. Маған [мысал] ұнайды, ал [мысал] ұнамайды. Осы бағытқа ұқсас жаңа нәрсе айтып, кеңес берші.
- Креативті дамытуға болады. Өнер, шығармашылықты онша түсінбеймін. Бірақ креатив ойланып үйрену үшін қатты қиын болмайтын бір хобби тапқым келеді. Маған бірнеше нұсқа ұсынып, ол үшін не керек екенін тізіп берші.
- Сұхбатқа дайындалуға көмектеседі. Жұмысқа тұрмақшы болсаңыз, сұхбаттасу процесіне дайындалсаңыз болады. Ол үшін тапсырманы былай беріңіз: [позиция] сұхбат болатындай симуляция жаса. Контекст мынадай: мен жұмыс іздеп жүрмін, сен компания өкілі ретінде менімен сұхбат өткізесің. Шын сұхбаттасуға барған кездегідей сұрақтар қой. Мен соған жауап беріп отырамын. Алдыңғы сұрағыңа жауап берген соң, келесі сұраққа көш.