
Қазіргі таңда нейрон желісі қазақша түсінеді. Әрине, өте жақсы меңгерген деп айта алмаймыз. Бірақ қарапайым да пайдалы промпттарды емін-еркін құрастыра бересіз. Бір жақсысы, жасанды интеллект бір сұранысты өңдеп жіберген соң диалогты әрмен қарай жалғастырып, әлденені қостырып, алып, дамытып, күрделендіре беруге болады. Яғни барынша сапалы генерация жасау үшін ыңғайға келтіре аласыз. Бастысы, пайдалы промпт үлгілерін білсеңіз болғаны. Промпт деген — нейрон желісіне тапсырма ретінде беретін сұраныс. «Керек дерек» айдары арқылы түркістандық тұрғындардың назарына күнделікті қолданысқа керек болатын сұраныстарды тізіп шықтық.
ChatGPT-ге арналған күнделікті промпттар:
- Тамаққа қатысты кеңес береді. Ұнайтын тамақтарыңызға қарай тізім жасап беруге көмектеседі. Промпт мынадай: Сен біздің үйдегі аспаз боласың. Мен саған не жегім келетінін, қандай тамаққа аллергия барын айтамын. Сен соған қарап рецептілер ұсынасың. Жауаптың ішінде маған келетін тамақтар ғана болуы керек. Түсіндірме берудің қажеті жоқ. Бар болғаны рецепті мен тамақты қалай пісіру керегін ретімен жазып бер. Қалауым мынадай: [тамаққа қатысты қалауыңыз, жемейтін тамақтарыңыз]. –
- Дұрыс тамақтануға көшемін десеңіз. Тез дайындалатын пайдалы тамақтар рецетін тауып береді. Пайдалы өнімдерден тұратын, дайындауға көп уақыт кетпейтін тамақтардың рецетін тауып бер. Уақыты аз адамға, құны қатты қымбат шықпайтын тамақтардың рецептілері болсын. Бірінші сұранысым: түскі асқа ішуге жеңіл, пайдалы тамақ.
- Тамақтану жоспарын құрады. Сен менің жеке аспазым әрі нутрицологымсың. Ересек адамға бір аптаға арналған тамақтану жоспарын жасап бергеніңді қалаймын. Күнде таңғы ас, түскі ас, тіскебасар және кешкі ас жеп тұруым керек. Шамамен 2500 ккал болсын. Қалауым мен аллергиямды ескеруің керек. Қалауым мынадай: [тізіп шығыңыз].
- Үйде бар азық-түліктен қандай тамақ жасауға болатынын тауып бере алады. Менде [ингредиенттер тізімі] бар. Осылардан түскі асқа не пісірсем болады? Дүкеннен барып ештеңе ала алмаймын. Тек осы өнімдерден тұратын тамақ тауып бер.
- Азық-түлік тізімін құрып береді. Осы аптада мен [тамақтар тізімін жазыңыз] жасағалы жатырмын. Осыған сай келетін рецептілер тауып, алу керек азық-түлік тізімін жасап бер. Оны санаттарға бөл. Ішіне дәмдеуіштер, соустарды да қос.