
Бүгінде жасанды интеллект барлық салада қолданыла бастады. Дегенмен қоғамда сұрақ көп. Жалпы жасанды интеллект адамзат игілігіне қызмет ету үшін не істеу керек? Осы орайда жасанды интеллекттің білім саласына пайдасы туралы жазуды жөн көрдік. Оның ішінде білім беру саласының дамуына қалай әсер етеді? Пайдасы мен зияны қандай? Жасанды интеллект инновация құралының елімізде дамуы қарқынды жүріп жатыр ма? Білім сапасын арттыруға көмектеседі ме?
Әлемдік тәжірибеде жасанды интеллект адамдардың өмірін айтарлықтай өзгерткенін көптеген табысты IT-жобадан білеміз. Бір ғана мысал, Оңтүстік Кореяда роботтар оқушыларға ағылшын тілін үйрете бастады. Интеллектуалды чат-бот қосымша оқушылармен түрлі тақырыптар бойынша пікірталастар мен әңгімелерге қатысуға мүмкіндік береді. Бұл олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Жалпы білім саласында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануда АҚШ, Қытай, Сингапур жетекші елдер көш бастауда. Дегенмен басқа да көптеген ел бұл салада белсенділік танытып, білім беруді жақсартуға ұмтылуда. Қазақстандағы білім беру саласына жасанды интеллектіні ендіру қарқынды даму үстінде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында цифрландырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, ақпараттық технологияларды енгізу арқылы IT секторында жасанды интеллект (AI) технологиялары бойынша жетекші ел болу міндетін алға қойған еді.
Жасанды интеллект білім беру саласында күн сайын маңызды рөл атқарып, білім мен оқытуға деген көзқарасты түбегейлі өзгерте алатын перспективаларды ұсынуда. Қазіргі тенденцияларды талдай отырып, жасанды интеллект әкімшілік тапсырмаларды автоматтандырып ғана қоймай, сонымен қатар білім беру бағдарламаларын әрбір оқушының, студенттің қабілетіне сай бейімделуін қамтамасыз етіп, оқытудың жаңа мүмкіндіктерін жасайды деп айтуға болады. Машиналық оқыту алгоритмдерін пайдалану арқылы үлкен деректерді талдай отырып, білім деңгейінің әлсіз жақтарын анықтап, оқытудың ең тиімді әдістерін ұсына алады.