Бүгінде мемлекетіміздің бет алған бағдары оң, мақсат еткен межесі айқын. Тәуелсіздік тұғырына табан тірегелі бері еліміз замана көшіне ілесіп, өркениеті озық, қуатты мемлекеттердің қатарынан бой көрсетуге ұмтылып бағуда.
Алайда, бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастырудың алғышарты — дәуірдің дүбірінен қалмай, жалпыәлемдік үдерістің үдесінен шығу екені белгілі. Бұл орайда, ел экономикасының даму процесін тежейтін сыбайлас жемқорлықтың әлі күнге дейін қазақ қоғамында төбе көрсетуі бүгінгі қоғамның ең көріксіз құбылысы екендігі белгілі.
Десек те, жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа қарсы күрестің қарқыны жылдан—жылға күшейе түскенімен, бүгінде ел азаматтарының ерікті түрде пара ұсыну деректері еш тиылар емес. Параны тықпалап беруші болмаса, параны бұқпалап алушы да болмайтынын ескерсек, мәселесін оңай олжамен шешкісі келетіндердің теріс әрекеті парақорлық деңгейінің төмендемеуіне тікелей ықпал етуде.
Алысқа көз жүгіртпей—ақ, өзімнің қызметімді орындау барысында ұшырасатын мына бір келеңсіз жәйтты бөлісе кетуді жөн көріп отырмын. Қызмет бабына байланысты облыс аумағында бой көтерген құрылыс нысандарының сапасы мен қауіпсіздігін тексеру, әрі орын алған қателіктер мен заңбұзушылықтарды анықтау мақсатында жұмыс сапарымен қала—аудандарда тексерісте жиі боламын. Өкініштісі, бақылау жұмыстарының нәтижесімен анықталған заңсыздықтарды тіркеу барысында кемшіліктерді көк қағаздың құнымен шешкісі келетін қарапайым халық арасынан бірер тұрғынаракідік төбе көрсетіп тұратыны көңілді қынжылтады.
Заңбұзушылықтарға көз жұма қарауымды өтініп, тірлігін теңгемен шешкісі келетін тұрғындарға құқықтық бағдар беруге тырысамын. Яғни, қазіргі таңда пара алушы ғана емес, пара беруші де заңмен қатаң жазаланатынын жиі назарларына жеткізіп, заңның аясынан әрі аттамауға шақырамын.
Бала жасымнан ақ адал іске баулыған үйдегі ақ самайлы анамның дастархан басында ұдайы айтатын мына тағылымды сөздері бір өзіме өмірлік азық болып келеді.
— Балам, елдің қай бұрышында жүрсең де, туралықты таңдаған бір сөзді азамат бол! Жүрісіңнен адалдық, ісіңнен әділдік,еңбегіңнен тазалық, шешіміңнен шыншылдық көрініс тапсын. Мамандықтан бұрын, адамдықтың биігінде өмір сүруге ұмтыл. Есіңде болсын, жылтыр дүние мен оңай олжа үшін жалған сөйлеуден,жағымпазданудан, жалпақ жұрттың алажібін аттаудан барынша аулақ бол!
Ақ анамның әрқашан осылай оң бағыт—бағдар сілтеуі – менің мемлекеттік қызметте тек адалдықты арқау етуіме, әр ісімде туралықты тізгіндеп отыруыма, құлқынның құлы емес, халқымның ұлы болуыма тікелей себепкер болып келеді.
Бұдан бөлек, ел алдында ары мен абыройы биік басқарма басшымыз Исмаилов Айдос Бахытжанұлының адамдық болмысы мен ер—азаматқа тән бір сөзділігі, биік парасат—пайымы мен адалдық құндылығына аса бейім болуы – мына менің жұмысқа деген жігерімді қамшылап, ел игілігі жолында еселі қызмет етуіме жаңа бетбұрыс сыйлап келе жатқандығын жасырмаймын. Бала жасымда үйдегі ақылы дария анашымның, ал қызмет бабында бағдары оң басқарма басшымыздың құнды кеңестері адалдық орнаған таза қоғамды құруды, ең алдымен Өзіңнен бастау қажеттігін айқындап бергендей…
Адамдық болмыстың заңғар биігінен көрінген ұлт мақтанышы Нұртас Оңдасыновтың мына бір тегеурінді сөздері әрбір ел азаматының берік қағидасы болса, Қазақстан қуатты мемлекеттердің көш басында тұратынына сенім мол.
«Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан—нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!».
Мен де, биліктің мінберінде төбе көрсеткен осы бір арда атамыз секілді өмір бойы қызмет жолымда тазалық пен туралықтың асқар шыңынан көрінуге ниеттімін. Бүгінде бағыт алған айшықты әрі нақты бағдарым осы.
Халыққа адал қызмет ету — мен үшін мемлекеттік қызметте әрдайым мерейі үстем, мәртебелі міндет болып қала бермек.
Валихан Бауыржан Бахытұлы