Бүгін Түркістан қаласындағы Olympic Center спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасының және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР Бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Қобыланбекұлы Ділдәбековтың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIII халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.


Шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп және Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Биылғы турнирге Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 20 команда сапындағы 140-тан астам жас боксшы қатысуда. Олар 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап, мықтыны анықтайды.

Жарыстың басты мақсаты – талантты жастарды ұлттық құраманың сапына іріктеу және 1–13 тамыз күндері Таиландтың Бангкок қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысатын үздік спортшыларды анықтау. Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Мақсат Бақтыбазаровтың айтуынша, турнир деңгейі жоғары, ал қатысушылар өз дайындықтарын толықтай көрсете алуда.
Ауқымды жарысты Түркістан облысының әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жоғары деңгейде ұйымдастырды.