Жаз мезгілі – балалар үшін ең сүйікті әрі асыға күтетін уақыттың бірі. Бұл кезең – мектеп қабырғасындағы білім жолындағы қажырлы еңбектен кейінгі тынығу, жаңа достар табу, табиғат аясында демалып, ой-өрісті кеңейту кезеңі. Осы ретте Түркістан облысында оқушылардың жазғы демалысын мазмұнды әрі тиімді өткізуге айрықша көңіл бөлініп келеді. Биыл облыстағы жазғы сауықтыру маусымы жүйелі түрде ұйымдастырылып, лагерлер алғашқы ауысыммен жұмысын бастап кетті. Бірінші онкүндікте өңірдің бірнеше аудандары мен қалаларындағы балалар ірі сауықтыру орталықтарында демалып, ерекше әсерге бөленіп жатыр.
Сайрам ауданында орналасқан «Болашақ» жазғы сауықтыру лагерінде жергілікті 314 бала демалып жатыр. Бұл балалар облыстық бюджет есебінен қамтылған. Бәйдібек ауданындағы «Тау шыңы» лагерінде де алғашқы ауысымға 120 бала қабылданған. Ал Кентау қаласындағы «Үркер» лагерінде Арыс қаласынан 300 бала және Ордабасы ауданынан тағы 300 бала жазғы сауықтыру бағдарламасына қатысуда. Мұндағы барлық ұйымдастыру жұмыстары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, олардың тұлғалық дамуына, өнер мен спортқа, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Жалпы жазғы демалыс кезеңінде балалардың уақытын тиімді ұйымдастыру – олардың ой-санасын жаңғыртып, физикалық және рухани тұрғыда жетілуіне ықпал ететін маңызды кезең. Лагерь өмірінің басты ерекшелігі – ойын мен тәрбиені ұштастыру. Балалар мұнда түрлі спорттық жарыстарға, шығармашылық үйірмелерге, өнер байқауларына қатысып, өз қабілеттерін ашуға мүмкіндік алады. Ұжымдық өмірге бейімделу, жауапкершілікті сезіну, тәртіпке үйрену сияқты маңызды дағдылар лагерь күн тәртібінде біртіндеп қалыптасады.
Биыл Түркістан облысында алғаш рет модульдік лагерьлер жобасы қолға алынды. Бұл – балаларға арналған инфрақұрылымды жаңарту және қолжетімділікті арттыру бағытындағы жаңа қадам. Жоба аясында бес мемлекеттік лагерьге 52 модульді жатақхана орнатылып, нәтижесінде қосымша 7500 орын ашылды. Бұл бастама арқылы жазғы демалыспен қамтылған балалар саны едәуір артты. Заманауи үлгіде жабдықталған бұл жатақханалар санитарлық талаптарға сай келіп, балалардың жайлы өмір сүруіне толық жағдай жасалған.
Жалпы алғанда, биылғы жазда Түркістан облысында 10 мемлекеттік және 21 жекеменшік лагерьде 41 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылады. Бұдан бөлек, тағы 400 мыңға жуық оқушы мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық және мәдени шараларға қатысады. Лагерьлердегі демалыс 7 ауысым бойынша 10 күннен ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жекеменшік лагерьлерге оқушыларды жолдама арқылы жіберу үшін 8 ауданнан 11500 балаға қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурстарының жеңімпаздары анықталған.
Лагерьдегі өмір тек ойын-сауықпен шектелмейді. Мұнда әрбір күн баланың жан дүниесін байытуға, жүрегіне жылу, ойына серпін беруге бағытталған. Танымдық кештер, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын тәрбиелік сағаттар, табиғат аясындағы серуендер, тарихи орындарға саяхаттар балалардың патриоттық рухын оятып, туған елге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Ұстаздар мен тәрбиешілер балалармен тығыз жұмыс істеп, олардың қызығушылығын дамытып, әр баланың бойындағы талантты ашуға тырысады.
Жазғы лагерьлер – жай ғана демалыс орны емес, ол – өмір мектебі. Мұнда бала жаңа ортада өзін еркін сезініп, өз қабілетін көрсетіп, достық қарым-қатынас орнатып, ұжыммен бірлесе әрекет етуге үйренеді. Бұл тәжірибе олардың өмірлік жолында маңызды рөл атқарады. Балалар лагерьде өткерген күндерін сағынышпен еске алып, жаңа оқу жылына сергек көңіл күймен оралады.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қолдаулар балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл – ұрпақ болашағына салынған маңызды инвестиция. Себебі баланың демалысы қаншалықты мәнді өтсе, оның дамуы мен оқу үлгерімі де соғұрлым жақсара түсетіні анық.
Осылайша Түркістан облысында жазғы сауықтыру лагерлерінің жұмысы қызу қарқынмен жалғасып жатыр. Бұл бастамалар балғын балалардың шаттық пен шабытқа, жаңалыққа, рухани жетілуге толы жазды өткізуіне зор септігін тигізері сөзсіз.
