Түркістанда балалар мерекесі жоғары деңгейде атап өтілді

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістан облысында балалардың шаттық пен қуанышқа толы мерекесі ерекше деңгейде ұйымдастырылды. Түркістандағы табиғаты көркем «Балауса» жазғы лагерінде өткен «Қазақстан балалары» атты кең ауқымды іс-шара – балаларға деген шынайы құрметтің айғағы болды.

Бұл күн – тек балалардың емес, әрбір отбасының, ұстаздың, бүкіл қоғамның ортақ қуанышы. Өйткені бала – болашақтың кепілі, мемлекеттің ең басты құндылығы. Түркістан облысы бұл қағидатты ұстанып, балалардың құқықтарын қорғауға, олардың денсаулығы мен білім алуына барынша жағдай жасауға басымдық беріп келеді.

Мерекелік іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, балалармен емен-жарқын жүздесті. Ол олардың қолөнер туындылары мен ғылыми жобаларын, спорттық сайыстарын тамашалап, тіпті асық ату ойындарына қатысып, бала көңілін ерекше қуанышқа бөледі.

Облыс басшысы өз сөзінде:

– Құрметті балалар! Сіздерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың үмітісіздер. Бақытты балалық шақты қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Бүгінде Түркістан облысында балалар үшін жаңа мектептер салынып, шығармашылық және спорт орталықтары ашылуда. Жазда жұмыс істейтін 31 лагер 43 мыңнан астам баланы қабылдауға дайын. Сонымен қатар, жаңа 52 модульді лагерь салынып, 7500 балаға қосымша жағдай жасалады. Армандарыңыз асқақ болсын, сенімді болашақ үшін бірге еңбек етеміз! – деді.

Сондай-ақ, өңір басшысы білім, өнер және спорт салаларында үздік жетістіктерге жеткен 20 оқушыны алғысхатпен және 100 мың теңгелік сертификатпен марапаттады. Бұдан бөлек, ерекше қажеттіліктері бар 10 балаға арнайы сыйлықтар табысталып, тағы 150 бала облыс әкімінің атынан естелік сыйлықтарға ие болды.

Мерекелік күн барысында балалар үшін 10 бағыт бойынша әртүрлі қызықты әрі танымдық шаралар ұйымдастырылды:

  • Экоойындар – балаларды табиғатты аялауға үндейтін танымдық жарыстар
  • Алғашқы көмек көрсету сабақтары – қауіпсіздік дағдыларын меңгертуге бағытталған тәжірибелік тренинг
  • Шахмат, тоғызқұмалақ сайыстары – зияткерлік қабілеттерді дамыту
  • Асық ату, садақ ату – ұлттық спорт түрлері
  • «Қолөнершілер» ауласы – балалардың қолдан жасаған бұйымдары қойылған көрме
  • Фольклорлық ансамбльдің концерті – балалар саз мектебі шәкірттері күй тартты
  • Абай оқулары – балабақша тәрбиеленушілері ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқыды
  • «Түркістан – балалар көзімен» мольберт ауласы – балалар салған суреттер көрмесі
  • Киіз үй тігілді – ұлттық болмысты таныту мақсатында
  • Цирк өнері мен би топтары – балаларға арналған концерттік бағдарлама

Кеш соңында ән мен би, театрландырылған көріністер мен цирк өнері көрермендерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мерекеге орай Нұралхан Көшеров жауапты басшылармен бірге «Балауса» лагерінің аумағын толық аралап, жаңа маусымға дайындығын тексерді. Жаңадан салынған модульді жатақханалар, заманауи спорт алаңдары мен шығармашылық студиялар балаларға жайлы әрі сапалы демалыс ұйымдастыруға негіз қалайды.

Айта кетейік, бұған дейін 150 орындық болған «Балауса» лагері жылына 1050 бала қабылдайтын. Енді жаңадан салынған 200 орындық модуль арқылы лагерьдің жалпы сыйымдылығы 350 орынға жетіп, жылына 2450 бала қабылдауға мүмкіндік туып отыр. Бұл жобаның аясында Түркістан қаласынан 1450, Сауран ауданынан 1000 бала жазғы сауықтыру шараларымен қамтылатын болады.

Түркістанда өткен бұл шара – жай ғана балаларға арналған мереке емес, бұл – ел болашағына жасалған қамқорлықтың, мемлекет пен қоғамның бірлескен ұстанымының көрінісі. Түркістан облысы баланы қорғау, дамыту және қолдау бағытында кешенді саясат жүргізіп, нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

1 маусым – Балалар мерекесі бұл жолы тек шаттық пен ойынға ғана емес, тәрбиелік мәні зор тағылымды мазмұнға толы мереке болды. Балалар жүрегінде ұмытылмас естелік қалдырған бұл күн – келешекке сенім ұялатып, армандарға қанат бітірді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *