Түркістан облысы Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жаңа жобаларды іске асыру бағытында маңызды қадам жасалды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен жиында инвесторлармен және кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл келісім аясында Сауран ауданында жалпы құны 3,1 млрд теңгені құрайтын екі ірі жоба жүзеге асырылмақ. Оның бірі – Шаға ауылдық округінде салынатын сэндвич-панельдер өндіретін «Euro Sandwich Panel» ЖШС зауыты болса, екіншісі – Жүйнек ауылдық округінде бой көтеретін «JADO GROUP» ЖШС жиһаз фабрикасы. Сэндвич-панель зауытының құны — 2,1 млрд теңге, жылына 900 мың шаршы метр өнім өндіруге қауқарлы. Жалпы 2,5 гектар аумақта салынатын бұл нысан 2026 жылы іске қосылып, 30 адамды жұмыспен қамтитын болады. Ал жиһаз фабрикасының құны — 300 млн теңге, айына 1000 дана жиһаз өндіру жоспарланған. Аумағы 1,4 гектарды қамтитын өндіріс орны да 2026 жылы пайдалануға беріліп, 30 адамға тұрақты жұмыс орнын ұсынбақ.

Жиын барысында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында іске қосылған Шаға өндірістік алаңының жұмысы мен даму барысы қатысушылар назарына ұсынылды. Бүгінгі күнге дейін онда 10 ғимарат пайдалануға беріліп, 500 жаңа жұмыс орны ашылғаны айтылды. Жыл соңына дейін тағы 30 өндірістік нысан іске қосылып, қосымша 70 гектар жер бөлінген. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
