Болгарияның София қаласында 27-30 тамыз күндері өткен жасөспірімдер арасындағы дзюдодан Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында сынға түскен түркістандық жас балуан Ернұр Батырғали 60 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарына дес бермей, алтын медаль иегері атанды.

Түркістан облысы, Төлеби ауданының тумасы байрақты бәсекеде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, ел намысын абыроймен қорғады. Ғаламат жетістікке қол жеткізген чемпионды Түркістан халықаралық әуежайынан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров бастаған сала мамандары мен туған-туыстары сән-салтанатпен қарсы алды.

Салтанатты шарада басқарма басшысы жеңімпазды құттықтап, алдағы спорттық жолында сәттілік тіледі. Сондай-ақ Түркістан облысының дзюдо федерациясының президенті Хамитдин Жарқынбеков сөз алып, бұл жеңістің үлкен еңбектің, жанкешті дайындықтың жемісі екенін атап өтті.
Айта кетейік, Ернұр Батырғали – Бекзат Саттарханов атындағы Түркістан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің шәкірті.
Бұл жеңіс – Ернұрдың жеке табысы ғана емес, ел дзюдосының халықаралық аренадағы абыройын асқақтатқан зор жетістік.
