СОЗАҚТЫҢ СПОРТ САЛАСЫ: ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

 

Түркістан облысы, Созақ ауданы соңғы жылдары бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Заманауи инфрақұрылым қалыптастыру, жаңа нысандар салу және қолданыстағы объектілерді қайта жаңғырту арқылы аудан халқының спортпен тұрақты шұғылдануына барлық жағдай жасалуда.

  • СПОРТТЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМНЫҢ КЕҢЕЮІ

Бүгінгі таңда ауданда 193 спорттық нысан жұмыс істейді. Бұл – ауылдық елді мекендерден бастап орталық елді мекендерге дейін тұрғындардың спортпен айналысуына қолжетімді мүмкіндік туғызған ауқымды база. Заманауи спорт алаңдары, стадиондар, шағын футбол алаңшалары және спорт кешендері жүйелі түрде пайдалануға беріліп, олардың саны жыл сайын артып келеді.

Осындай инфрақұрылымның нәтижесінде бұқаралық спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 24 мыңнан асып, аудан халқының 41 пайызы спортты күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырған. Бұл көрсеткіш – Созақ ауданының облыс көлеміндегі спорттық белсенді аудандардың қатарында екенін дәлелдейді.

  • ІРІ СПОРТ НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ

Ауданда соңғы уақытта спорттық инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда. Соның ішінде Шолаққорған ауылындағы жаңа спорт кешені атап айтсақ болады.

Республикалық бюджет есебінен салынған заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы толық аяқталды. Бұл кешен ауыл жастарының әртүрлі спорт түрлерімен кәсіби деңгейде шұғылдануына жаңа серпін береді.

Қазан айының соңында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып, Созақ ауданының орталығындағы аталмыш 200 орындық спорттық-сауықтыру кешенінің лентасын қиған болатын. Сөйтіп аудан тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтаған еді. Сонымен бірге, облыс әкімі спорт кешенін аралап көріп, жас спортшылармен кездесті. Доп сыйлап, спортта жеңісті жол тілеген-тін. Сондай-ақ осы іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов пен ел ағалары сөз сөйлеп, спорт кешенінің ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді. Бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып пен белгілі футболшы Таңат Нөсербаев бастаған спортшылар да нысанға жоғары баға берген еді.

Жоба «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылды. Жалпы аумағы 3 гектар болатын кешеннің оқу-жаттығу базасы заманауи стандарттарға толық сай келеді. Нысан бір мезетте 100 спортшыға дейін қабылдай алады. 200 орындық заманауи спорт кешенінде волейбол, күрес, аралас жекпе-жек, бокс залдары бар. Тағы бір ерекшелігі – жабық бассейн орналасқан. Нысанның ауласында да тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған шынығу алаңы, баскетбол және футбол алаңдары қарастырылған. Кешен тек кәсіби спортшылардың емес, бұқаралық спортпен айналысатын жастар мен тұрғындардың да салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.

  • СОЗАҚ АУЫЛЫНДАҒЫ ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ

Жергілікті бюджет есебінен бой көтеріп жатқан жаңа спорт кешені де ауданның спорттық әлеуетін арттыра түседі. Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес іске асырылып, пайдалануға берілгеннен кейін спортпен айналысатын тұрғындар үшін қосымша мүмкіндік тумақ.

  • ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ

Шолаққорған ауылындағы «Достар» стадионы жергілікті бюджет есебінен толық қайта жөндеуден өтіп, тамыз айында қайта пайдалануға берілді. Жаңартылған стадионның спорттық инфрақұрылымы кеңейтілді, спортшылар мен көрермендерге лайықты жағдай жасалды.

  • АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДЕГІ СПОРТТЫ ДАМЫТУ

Ауданның шалғай ауылдарында да спорт инфрақұрылымы біртіндеп жаңартылып келеді. Жергілікті бюджет есебінен төмендегі елді мекендерде төбесі жабық шағын футбол алаңшаларының құрылысы басталды. Атап айтсақ, Жартытөбе,       Құмкент, Қозмолдақ, Жуантөбе, Тасты, Шу елді мекендері.

Бұл нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қысы суық өңірде төбесі жабық алаңшалардың салынуы ауыл жастарының қыс мезгілінде де спорттан қол үзбеуіне мүмкіндік береді.

Созақ ауданында спорт саласының дамуы қарқынды түрде жалғасуда. Жаңа нысандардың бой көтеруі, қолданыстағы объектілердің жаңаруы және спортқа тартылған тұрғындар санының артуы – аудандағы спорттық саясаттың нәтижелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Бұқаралық спортты дамытудың бұл бағыты алдағы жылдары да жалғасын тауып, аудан жастарының спорттық жетістіктеріне оң ықпал ететіні сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *