Түркістан облысының Созақ ауданында әкімдік пен төтенше жағдайлар бөлімі бірлесіп, өрт қауіпсіздігін сақтау және улы газдан уланудың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық іс-шара өткізуде.
Қыземшек кентінен бастау алған көп пәтерлі тұрғын үйлер мен кәсіптік нысандарда өрт қауіпсіздігін сақтау және улы газдан уланудың алдын алу мақсатындағы жиынға аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Ақбаев, Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері, полиция, газ инспекциясы, «QazaqGazAimaq», ерікті жастар және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС мамандары қатысты.
Жұмыс барысында тұрғын үйлерде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 5 дүкенде өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқаулық көрсетілді. Нәтижесінде 24 бұзушылық анықталып, оларды жою бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы аталған іс-шараға 204 тұрғын қамтылды.
Сонымен бірге, аудан аумағында қыс маусымында тұрмыстық қауіпсіздікті күшейту мақсатындағы профилактикалық іс-шара Шу, Тасты және Жуантөбе ауылдарында жалғасты.
Мамандар тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі талаптары мен улы газдан уланудың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізді. Нәтижесінде бұл жолы да 45 кемшілік анықталып, оларды жою жөнінде нақты нұсқаулықтар берілді.
Профилактикалық іс-шараның мақсаты қыс маусымында орын алуы мүмкін өрт жағдайларының алдын алу және тұрмыстық газды дұрыс пайдалану жөнінде ақпараттандыру.
