Түркістан облысындағы аудан, қалалар ішінде Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктері жоғары саналатынын оқырман жақсы біледі. Дегенмен экономикалық тұрғыдан көш басында келе жатқан аймақты дамыту жұмыстары барысында өңір басшысы жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей ауданның одан әрі даму қарқынын арттыру үшін жүктеген міндеттері бар. Нәтижесінде Созақ ауданы осы жылдың он айында қарқынды экономикалық өсім көрсетіп отыр. Ауданда өндірілген жалпы өңірлік өнім көлемі 839 млрд 290 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 131,5 пайызға артты. Бұл – 200 млрд 895 млн теңгеге өсім бар деген сөз.
- Сонымен қатар, аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай артты. Биыл 216 млрд 795 млн теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш 156,7 пайызды немесе 78 млрд 456 млн теңгеге артық болды.
Бұл көрсеткіштер – Созақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім бар екенін және инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын айғақтайды.
