Байсалов Алмат Мейірбекұлы, Түркістан қалалық балалар ауруханасының басшысы:
Түркістан облысында Түркістан қалалық балалар ауруханасының бүгінгі тынысы қалай, заман көшіне ілесу жолында қандай жаңашылдықтары бар деген сауал төңірегінде осы мекеме басшысы Байсалов Алмат Мейірбекұлымен әңгімелесіп едік.
Адам жанының арашашысы саналатын дәрігерлердің басты жетістігі – тәжірибесі мен тұрақты ізденісі десек. Біздің кейіпкеріміз де IT маманы боламын деген бала арманын отбасылық жағдайына байланысты дәрігерлік жолға айырбастап, бүгінде кейінгі ұрпаққа үлгі болар үлкен істің басында келе жатқанын айта кетуіміз керек. Білікті маман, еңбек жолында осы күнге дейін 2 мыңнан астам баланың жүрегіне ота жасап, бүлдіршіндерге Тәңір сыйлаған жарық дүниедегі бақытының жәрдемшісі болып жүрген Алмат Мейірбекұлымен сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
— Бүгінгі таңда дәл осы балалар дәрігерлерінің тапшылығы байқалмай ма?
— Байқалады. Денсаулық сақтау саласында балалар дәрігері қазіргі таңда тапшы мамандықтар қатарында. Дәрігер боламын деп білім алып жатқан студенттердің көпшілігі ересек адамдарды емдеуді жеңіл санап, соған таңдау жасауда.
Шын мәнінде балалар дәрігері екі адамды емдейді десек болады. Неге десеңіз, бірінші біз ауырып келген баланы емдейміз, одан соң оның ата-анасын емдейміз. Бұны былайша түсіндірсек болады. Ауырған бала дәрігерге бойындағы ауырсынуды түсіндіріп, жеткізе алмайды. Сондықтан оған дұрыстап қарап, нақты диагноз қою керек. Сосын емдеу шараларына байланысты баланың ата-анасына жасалатын ем шараларын мұқият түсіндіру қажет. Балалар дәрігері екі адамды емдейді деп отырғаным сол.
Екінші мәселе осындай ауыртпалықтары болған соң бұл саладағы мамандардың еңбекақысы жоғары болуы керек. Әлеуметтік жағдайларына қатысты мемлекет тарапынан айтарлықтай жеңілдіктер жасалуы керек. Сонда ғана педиатрия саласына мамандар тарта аламыз. Жалпы алдағы он-он бес жыл көлемінде дені сау ұрпақ қалыптастырамыз десек педиатрия саласының білікті мамандарын даярлауға бүгіннен бастап кірісуіміз қажет. Бұл жерде жұмыс жоқ дей алмаймын. Дегенмен осы бағытқа қарқын қосуымыз керек деп есептеймін.
— Ойыңызға қосыламын. Ал, еліміздегі көп науқастардың дертіне шипа іздеп көршілес Өзбекстан мемлекетіне баруының себебі неде деген мәселеге маман ретінде не айтасыз?
— Денсаулық сақтау жүйесінде медициналық қызмет көрсету, соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдақтармен қамтылуы оның нәтижесі бойынша Орталық Азияда Қазақстан бірінші орында тұр. Осындай көш басында тұрған мемлекетіміздің денсаулық сақтау саласындағы озық тәжірибелерді меңгеру үшін Өзбекстан, Қырғызстан секілді көршілес мемлекеттерден мамандар келіп семинарларға қатысуға ниет білдіріп, біліктілігін арттырып кетіп жатыр. Екіншіден жақын аралықта сіз айтып отырған Өзбекстан Республикасында Қазақстанның Өзбекстандағы денсаулық сақтау күндері атты іс-шарасы аясында еліміздің білікті дәрігерлері бауырлас мемлекеттің бірнеше медициналық орталықтарында арнайы оталар жасап, кеңестер мен мастер класстар өткізді.
Енді неге біздің елден науқастар Өзбекстанға барады деген сұраққа келсек. Мен өз әріптестерімді кемсіткенім емес. Шын мәнінде науқасқа арнайы уақыт бөліп, дұрыс сөйлесе алмаймыз. Бұны мамандардың кемшілігі деуге болмайды. Жалпы қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің жаңа бағыттарға өтіп жатқан кезеңі деп қарастырсақ дұрыс болады. Жаңадан енгізіліп жатқан заңнамалар, заман көшіне лайықты цифрлық жүйелер секілді жаңашылдықтарға қадам жасап жатқан кездегі талаптарды игеру жолында мамандарымыз толық үлгере алмай жатыр дегеніміз дұрыс шығар. Осының салдарынан науқасқа өз деңгейінде уақыт бөлінбеуде. Ал, Өзбекстанға барған науқастарымыздың әр қайсысына кемінде 40 минут тіпті 1 сағат уақыт бөлінеді. Бұның бірінші себебі ақылы болғанында. Сіз ақысын төлеген соң олар сізге мейлінше сапалы қызмет көрсетуге тырысады. Емделушіге ең алдымен жылы сөз және дәрігермен дұрыс қарым-қатынас керек. Өзіңіз мазасызданып, дертіңізге шипа іздеп келгенде дәрігер сіздің көңіліңізді табуға тырысып жатса көңіліңіз жадырап қалмай ма? Дәл осы мәселеде біздің мамандардың көршілес елдегі әріптестерге жол беріп жатқаны жасырын емес. Дегенмен біз де осы мақсатта арнайы жұмыс жасап жатырмыз. Әсіресе науқастармен сөйлесу тұрғысында келер жылы кезеңімен арнайы семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, дәл қазіргі жұмыс барысында да медициналық қызметті тұтынушылармен жылы байланыс орнатуға қатысты жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз.
М.ӘЛМАХАН.
