Соңғы жылдары елімізде энергетикалық ресурстарға деген сұраныстың артуы, өндірістік және тұрмыстық тұтынудың ұлғаюы салдарынан электр энергиясының тапшылығы мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасына және өнеркәсіптік өндірістің тұрақтылығына әсер етуі мүмкін.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәселеге ерекше назар аударып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нақты қадамдар жасап, жауапты салаларға міндеттер жүктеп отырғаны белгілі.
Міне, бүгін аталмыш мәселенің шешімін табу жолындағы қадам ретінде Түркістан облысы Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталып, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті.
Аталған жоба – өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ең ауқымды бастамалардың бірі. Күн электр станциясының іске қосылуы аймақтың энергетикалық әлеуетін арттырып, жасыл энергетика үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Н.Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама облыс экономикасының әртараптануына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және экологиялық таза энергия өндіруге жол ашады.
– Бүгін өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен «жасыл экономикаға» көшу жолындағы маңызды жобалардың бірі – қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының іргетасын қалау рәсіміне жиналып отырмыз. Түркістан облысы – ауа температурасы ең жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия жобаларын дамыту, күн қуатын пайдалану – өңіріміз үшін аса тиімді әрі болашағы бар бағыт. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін құйылатын инвестиция құны шамамен 160 млрд. теңгені құрайды. Жоба аясында 500-ге жуық жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі бастама – экологиялық таза, тұрақты даму жолына түскен Түркістанның болашағына салынған инвестиция. Бұл жоба облысымыздың энергия инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, халықаралық инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын арттыра түседі. Ынтымақ пен сенімге негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты жалғаса беретініне сенімдімін. Бүгінгі салтанатты рәсім – үлкен жұмыстың бастамасы, – деді Нұралхан Көшеров.
Бейнебайланыс арқылы сөйлеген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Н.Жақыпов қор тарапынан жаңартылатын энергия жобаларына жүйелі қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтып, 300 МВт-тық күн электр станциясы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынын жеткізді.
Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бұл жобаны Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде атап, жасыл энергетика саласындағы бірлескен бастамалардың маңызына тоқталды.
Сонымен қатар бейнебайланыста «China Energy Group» президенті Ни Чжэн сөз сөйлеп, жобаның ұлттық энергетика саласы үшін мәні мен халықаралық әріптестікті дамытудағы рөлін атап өтті.
Жиында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қ.Мақсұтов жоба компанияның төмен көміртекті генерацияға және заманауи энергия жүйесін дамытуға кезең-кезеңімен көшу жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі болып табылатынын атап өтті: «Самұрық — Энерго» үшін бұл станцияны салу – инвестициялық жоба ғана емес, сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімді орнықты дамуына қосқан үлесі. Біз серіктестерімізбен бірлесе отырып, объектіні ең жоғары сапа мен сенімділік стандарттарына сәйкес іске асыра алатынымызға сенімдіміз», деді.
«China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяодань жобаның техникалық, экологиялық және инвестициялық қырларына тоқталып, оны сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді.
Капсуланы салу құрметі Түркістан облысының әкімі Н.Көшеровке, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қ.Мақсұтовқа және «China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяоданьға берілді.
Нәтижесінде Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артады. Сонымен бірге инвестиция тартуға, зауыттар ашуға қажетті энергия көзі молайып, өңірдің тұрақты әрі экологиялық қауіпсіз дамуына серпін бермек.
