Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше мән беріп келеді. Осы орайда Түркістан облысында дене шынықтыру мен спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Бүгінде сол игі бастамалардың жалғасы ретінде еліміздің көптеген аймақтарында заманауи спорт кешендері ел игілігіне пайдалануға берілуде. Сол сияқты қуанышты жаңалық Түркістан облысының Созақ ауданында жалғасын тауып отыр. Тарқатып айтсақ, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Созақ ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған заманауи үлгідегі «Созақ» спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналған игі шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Салтанатты шарада аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы сөз сөйлеп, ауыл жұртшылығын жаңа спорт нысанының ашылуымен және ел үшін қастерлі Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт кешенінен еліміздің көк Туын әлемдік ареналарда абыроймен желбірететін дарынды спортшылар өсіп шығарына сенім білдірді.
Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар жаңа спорт кешенін аралап, ішкі құрылымы мен көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты.
Айта кетейік, спорт кешенінің жалпы жер аумағы 1,5 гектарды құрайды. Ғимараттың жалпы көлемі – 1356 шаршы метр. Екі қабатты нысанда футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, бокс, күрес және жаттығу залдары орналасқан. Бұған қоса медициналық кабинет, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, қызметкерлерге арналған жеке кабинеттер қарастырылған. Кешен аумағы толық қоршалып, ғимараттың сыртқы фасады заманауи үлгіде қапталған.
Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен жүйелі айналысуына және бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді.
Кешенді салудағы басты мақсат – жастарды спортқа тарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және кәсіби спортшыларды дайындауға мүмкіндік беру. Бұл – тек спорт нысаны ғана емес, ел болашағы үшін жасалған маңызды инвестиция.
Жаңа кешеннің ашылуы өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға тың серпін береді деп күтілуде.
