Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі гендерлік теңдік стратегиясы мен 2025 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы аясында Түркістан облысында әйелдердің әлеуметтік, экономикалық, саяси өмірге қатысуы артып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты көтеру бағытында жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр.
Әйелдің құқығы мен қауіпсіздігі – қоғамның өркениеттілігін айқындайтын басты өлшемнің бірі. Түркістан облысында гендерлік теңдік пен әйелдердің құқығын қорғау бағытында нақты шаралар жүзеге асырылып келеді. Гендерлік саясат – тек ер мен әйелдің теңдігі ғана емес, ол әділдікке, зорлық-зомбылықсыз орта қалыптастыруға, әйелдерге лайықты өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында облыста «Құқықтық сауаттылық апталығы» өтеді, әйелдер кеңестері мен құқықтық ақпарат топтары қыз-келіншектермен кездесіп, құқықтарын түсіндіреді. Түркістан, Кентау, Сарыағаш қалаларында ашылған «Құқық қорғау кабинеттері» арқылы адвокаттар тегін кеңес береді. 2024 жылы 12 мыңнан астам әйел мен қыз бала құқықтық тақырыптағы семинарлар мен кездесулерге қатысқан.
Өкінішке қарай, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі әлі де өзекті. Осыны болдырмау үшін өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу орталықтары жұмыс істейді, полиция жанынан әйелдерді қорғау инспекторлары қызмет атқарады. «Қауіпсіз отбасы», «Жанұя тыныштығы», «Қорғау» акциялары өткізіліп тұрады. 2024 жылы өңірде 4 мыңнан астам тұрмыстық зорлық фактісі тіркеліп, олардың көпшілігі медиативтік жолмен шешілді. 350-ге жуық қорғау нұсқамасы беріліп, әйелдердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Түркістан облысында 17 отбасын қолдау орталығы, 13 сенім телефоны, 9 кеңес беру және оңалту кабинеті бар. Бұл орталықтарда психологиялық қолдау, дағдарыс кезінде уақытша баспана, заңгерлік көмек көрсетіледі. Мысалы, Түркістан қаласындағы «Бақытты отбасы» орталығынан жыл сайын мыңға жуық әйел көмек алады.
Қыз балалардың қауіпсіздігі мен ерте жүктіліктің алдын алу бағытында мектептер мен колледждерде арнайы жобалар іске қосылған. «Қыз болашағы – ел болашағы», «Жасөспірім – құқық иесі» бағдарламалары жүзеге асырылып, мектеп психологтары мен дәрігерлер түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 2023-2024 оқу жылында 350-ден астам қыз балаға қатысты алдын алу шаралары қабылданды.
Өңірде құқық қорғау саласында еңбек ететін әйелдердің саны да артып келеді. Облыстық сотта 34 әйел судья бар, прокуратура мен полицияда 280-нен астам әйел қызмет атқарады. Мемлекеттік басқарудағы әйелдердің үлесі 20 пайыз шамасында. Олар әділдік пен тәртіпті қамтамасыз ету ісінде өз кәсіби міндетін ғана емес, өзгелерге үлгі боларлық рөл атқарып жүр.
Құқықтық мемлекет құрудың маңызды бөлігі – әйел мен баланың қауіпсіздігі мен құқығын сақтау. Түркістан облысында гендерлік саясат бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Әйелдердің құқығы мен қауіпсіздігі, экономикалық және саяси белсенділігі – қоғам дамуының берік кепілі. Түркістан өңірі бұл бағытта үлгі боларлық тәжірибе көрсетіп отыр.
