Елімізде тұрғын үй құрылысы мен азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында тұрғын үй мәселесін шешу – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты шарты екенін атап өтіп, бұл бағытта нақты міндеттер жүктеген болатын.
Бүгінгі таңда республика көлемінде «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» сынды тұрғын үй бағдарламалары арқылы мыңдаған отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне ие болуда. Сонымен қатар өңірлерде жеке тұрғын үй құрылысына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізіліп, жаңа тұрғын үй алаптары игерілуде.
Осыған орай Түркістан облысы әкімдігі тарапынан көпқабатты тұрғын үйлер салу, кезекте тұрған азаматтарды, әлеуметтік осал топтарды, жас отбасылар мен көпбалалы аналарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жастарға, жұмысшы мамандық иелеріне, бюджет саласы қызметкерлеріне тиімді шарттармен үй алуға жол ашылды.
Сонымен қатар, тұрғын үймен қамтумен қатар, құрылыс саласында жергілікті өнім үлесін арттыру, сапа мен қауіпсіздікке басымдық беру мәселелері де күн тәртібінде тұр. Себебі жайлы, заманауи баспана – тұрғындар өмірінің сапасы мен елдегі әлеуметтік тұрақтылықтың басты кепілі.
Осындай міндеттерді басшылыққа алған Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй құрылыстарының барысын бақылап, бірқатар әлеуметтік нысандардағы жұмыстардың жай-күйімен танысты.
Алдымен қала басшысы әкімдік тапсырысы аясында салынып жатқан жалпы«Жібек жолы» тұрғын үй кешеніндегі құрылыс жұмыстарын аралады. Аталған кешенде 10 көп қабатты тұрғын үй бой көтеруде. Оның ішінде 6 тұрғын үйден сатып алынатын арендалық бағыттағы 512 пәтер пайдалануға берілмек. Ал қалған 4 тұрғын үйдегі 432 пәтер «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген ипотекалық кредиттік бағдарлама аясында тұрғындарға ұсынылады.
Құрылыс нысандарын аралау барысында қала әкімі тұрғын үйлердің сапасына ерекше мән беріп, мердігер мекеме басшыларымен кездесті. Кездесу барысында анықталған кемшіліктерді жою, құрылыс жұмыстарын белгіленген талаптарға сай әрі уақытылы аяқтау қажеттігін қатаң ескертті.
Сонымен қатар Әзімбек Пазылбекұлы ипподромға апаратын жол бойындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Аталған аумақта 1500 дана ағаш отырғызылып, су ұңғымасы қазылып, автоматты суару жүйесінің құрылысы жүруде және биіктігі 2 метр болатын қоршаулар орнатылуда.
Аралау барысында қала басшысы денсаулық сақтау нысандарын да аралап, 1 мөлтек ауданында орналасқан №3 қалалық аурухана мен Н. Сандыбаев көшесіндегі №6 отбасылық ауруханасында болды. Алдағы жылға жоспарланған ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша сала мамандарымен кездесіп, халық денсаулығы әрдайым басты назарда болуы тиіс екенін, келушілерге барынша қолайлы жағдай жасалуы қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Әзімбек Пазылбекұлы биыл қолға алынған 32 көп қабатты ескі тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңғырту және әрлеу жұмыстарының орындалу барысын да бақылады.
Қала әкімі аталған жұмыстардың жүру қарқыны мен сапасы тікелей бақылауында екенін, барлық жауапты мекемелерге белгіленген жоспарларды сапалы іске асырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
