— Хирургиядағы ең ауыр сәттеріңізді айтып берсеңіз?
— 1982 жылы Қазығұртта гарнизон командирінің қызын көлік қағып, аяқ астынан білікті дәрігер ретінде мені шақыртты. Сол жерде біраз дәрігерлер болды. Басым бөлігі «ауырсыну басылған соң жазылып кетер» деген ойларын ортаға салды. Бірақ мен «арнайы шақырылғаннан кейін шешімді өзім қабылдауым, жауапкершілікпен маған жүктелген соң аяғына дейін апаруым керек, қалайда ота жасалу тиіс» деп алған бетімнен қайтпадым. Ол кезде рентген аппараттары тапшы, оған анализді тапсыру қиындығын қосыңыз. Осылайша қолда ешнәрсе жоқ, бірақ пайым мен біліктіліктің арқасында ота жасап қарасақ, бүйрек, талақ секілді ішкі органдарына ауыр зақым келіп, қан кетіп жатыр екен. Науқасқа уақытылы ота жасау арқылы қыздың өміріне төнген қауіптің алдын алдық. Міне, білім мен ізденістің, табандылығымның арқасында дұрыс шешім қабылдадым. Бұл жерде мен не айтпақшымын, дәрігер бірінші өзіне сенімді болуы керек. Өзіңе деген сенімділік пен жауапкершілікті сезінсең қателеспейсің деп ойлаймын.
— Қазіргі денсаулық саласында қандай түйткілді мәселелер бар?
— Бірінші айтарым, қай салада болмасын әр маман өз білімін жетілдіріп отыру керек. Ең алдымен тәртіп болу керек, тәртіп деген — жұмысқа ерте келу, жауапкершілікпен қарау, мысалы мен ерте 7 жарымнан келемін де түннен қалған науқастарды тексеріп шығуды әдетке айналдырғанмын. Ота жасау керек болса оған дайындаламыз, қайтару қажет болса оны айтамыз. Өз басым, әсіресе ауысымды тапсырғанда науқасты келесі кезекші дәрігерге тез тапсырып кеткенше асығатын дәрігерден қорқамын. Олай болмайды. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен, тірлігін тез бітіріп кетуге асығып тұратын маман жақсы болады деп айта алмаймын. Одан соң еңбекқорлық қажет. Яғни қолды үйрету, инструмент ұстауға машықтану, екі қолмен жұмыс жасау, өте епті болу, білімді болу, бір қолмен ғана жұмыс істесе ол шолақ секілді болады, өзіңдегі бар мүмкіндікті пайдалану керек. Кейбір мамандар бар, білімі бар, қолы епке келмейді, кейбірі аса білмегенімен, қолы жылдам. Сондықтан екі жақты толық меңгеріп, білікті дәрігер болу керек.
Қазіргі таңда бүлдіршіндердің ыдыс жуу құралдарын, құрамында қышқыл зат бар сұйықтықтарды жұтып, өңеш-асқазанды күйдіріп, қиын жағдайға жиі тап болуы. Жылына шамамен 30 шақты бүлдіршін осындай жағдаймен клиникамызға түседі. Балалар үлкендердің қарауынсыз абайсызда жұтса, кейбір жас қыздар, жасөспірімдер суицид мақсатында қасақана өз денсаулығына қауіп төндіруде.
— Ғылымдағы еңбегіңізге тоқталсақ?
— Менің жетекшілік етуіммен 7 кандидаттық, 7 магистрлік диссертация қорғалды. «Қан қызметінің өзекті мәселелері» атты 4 монография, «Балалар хирургиясы» оқулығы және «Балалар хирургиясы» жайлы 3 оқу-әдістемелік нұсқаулары, «Перитониттің заманауи емдеу тәсілдері» және «Өңеш асқазан хирургиялық аурулары», «Онкология оқу құрал негіздері» оқу құралдары жарық көрді.
— Қорытынды ретінде айтар ойыңыз…
— Уақыт зымырап барады, бірақ адамның ең үлкен байлығы — атқарған еңбегі мен қалдырған мұрасы. Бүгінгі қарттар кешегі майдан мен еңбек даласында шыңдалған, тәртіп пен жауапкершілікті ту еткен жандар. Біз соны жас буынға жеткізуіміз керек. Әрбір дәрігердің, әрбір азаматтың басты мақсаты – адамға пайда әкелу, өміріне араша болу. Егер қолыңнан бір жанға шипа беру келсе, одан асқан бақыт жоқ. Жастарға айтарым еңбектен қашпаңдар, уақытты босқа өткізбеңдер. Еңбек пен ізденістің арқасында ғана арман орындалады.
P.S. Профессор Ш.М.Сейдиновтің ұлағатты әңгімесі мен өмірлік тәжірибесінен бөлек, сұхбат соңында қол жайып, жүрекке жетер тамаша бата беріп шығарып салуының өзі оның нағыз кемелденген қарттық жасына жеткенін, халыққа айтар өнегесі мен өшпес ізі бар екенін айқын көрсеткендей болды. Қарттарымыз аман болсын!