Астана қаласында 8-11 қаңтар күндері жеңіл атлетикадан ересектер арасындағы ел біріншілігі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үздік спортшылар өзара мықтыны анықтап, түркістандық спортшылар қос алтын және бір қола медаль олжалады.
Атап айтқанда, ядро лақтыру сайысында Бексұлтан Елікбаев алтын медальға ие болса, биіктікке секіруден Антон Боднар ел чемпионы атанды. Сонымен қатар, 800 метрге жүгіруден Аружан Алтыбай қола жүлдені қанжығасына байлады.
Айта кетейік, ел біріншілігінде топ жарған спортшылар ақпан айында Қытайда өтетін Азия чемпионатында өнер көрсетеді.
