ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ДӘРІПТЕУ ЖӘНЕ ЖАС ӨСКІНГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЛАЙ?

 

Түркістан өңірінде қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту, ана мен баланы қолдау, жас ұрпаққа лайықты тәрбиелік орта қалыптастыру бағытындағы бастамалар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Соның ішінде облыс әкімдігінің қолдауымен іске асырылып жатқан «Үлгілі ауыл» байқауы — тек елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғыртатын жоба емес, ең алдымен отбасы институтын нығайтып, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, балаларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама ретінде халық көңілінен шығып отыр.

Ауыл — әрқашан ұлттық құндылықтардың, тектілік пен бірліктің алтын діңгегі саналады. «Ауыл — ел бесігі» деген ұғым бекер айтылмаған. Себебі отбасының мызғымас құндылықтары мен ұрпақ тәрбиесі дәл осы ауылдан бастау алады. Сол себепті ауылды көркейту, тұрмыс сапасын арттыру, балалардың өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасау — тұтас елдің болашағына салынған инвестиция десек артық айтпаймыз.

Осы бағыттағы жұмыстардың бір айғағы — 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Созақ ауданына қарасты Жартытөбе ауылында ашылған жаңа әлеуметтік нысандар. Бұл ауыл облыс көлемінде өткен «Үлгілі ауыл» байқауында жүлделі орынға ие болып, облыстық бюджеттен қолдау тапқан болатын. Соның нәтижесінде ауылда заманауи баскетбол алаңы, балалар ойын алаңшасы және жастарға арналған «Street workout» спорттық жаттығу алаңы халық игілігіне ұсынылды.

Бұл нысандардың ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, жаңа жобалардың ауыл өміріндегі маңыздылығын атап өтті. Әкімнің айтуынша, мұндай әлеуметтік нысандар жастардың спортпен шұғылдануына, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне және жалпы ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосады. Сонымен қатар ол алдағы уақытта аудан бойынша спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жаңа жобалар жайлы да кеңінен тоқталды.

Жартытөбе ауылында өткен шарада ауыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы Әшімхан Тәпі ауылға жасалып жатқан қолдауларға ризашылығын білдіріп, мемлекет қамқорлығының арқасында балалардың қауіпсіз ортада өсіп-өнуіне жағдай жасалып жатқанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ауыл ақсақалы Балтабай Аймұрзаев жас ұрпақтың амандығын тілеп, жаңа алаңдарға ақ батасын берді. Бұл бастама — ауыл тұрғындары үшін үлкен серпін ғана емес, балалардың ойынынан бастап, спорттағы жетістігіне дейінгі аралықты қамтитын кешенді қолдау үлгісі. Балаларға арналған ойын және спорт алаңшалары — олардың денсаулығын нығайтып, ой-санасын сергек етуге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға жол ашатын маңызды құрал. Ал жастарға арналған «Street workout» алаңдары — ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, зиянды әдеттерден аулақ болуына, белсенді өмір сүруіне мүмкіндік беретін орта.

«Үлгілі ауыл» байқауы — тек абаттандыру жобасы емес. Бұл — ауылдағы отбасылардың тұрмыс сапасын арттыруға, ауыл аналары мен балаларға қолайлы орта жасауға, ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тәрбиелі ұрпақ өсіруге арналған нақты қадамдардың бірі. Мұндай жобалар ауылдық жерде қоғамның белсенділігін арттырып, тұрғындардың туған жеріне деген сүйіспеншілігін еселейді.

Бүгінде облыс әкімдігінің қолдауымен бұл байқау жалғасын тауып, әр ауданнан үлгі боларлық ауылдар анықталып отыр. Байқау жеңімпаздарына бюджеттен әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсетіледі. Мұның барлығы ауылдың өркендеуіне, ауыл халқының тұрмыс сапасының артуына, әйелдердің қоғамдағы рөлінің күшеюіне, ана мен баланы қорғауға бағытталған ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегияның айқын көрінісі.

Жартытөбе ауылында ашылған жаңа спорттық және ойын алаңшалары — балалар үшін қуаныш пен шаттықтың мекені, ата-аналар үшін сенімділік пен тыныштықтың кепілі. Мұндай игі бастамалар отбасы институтының беріктігін арттырып қана қоймай, ауыл жастарының ой-өрісі кең, денсаулығы мықты азамат болып өсуіне жол ашады.

Түркістанда жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобалар — қоғамдағы отбасылық-гендерлік саясаттың нақты көрінісі. Ана мен баланы қорғау, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, жас ұрпақтың тәрбиесіне жағдай жасау — барлығы мемлекет қамқорлығының, халықтың өзара ынтымағы мен сенімінің жемісі. Ауыл көркейсе — отбасы қуанады. Отбасы қуанса — ұрпақ аман, ел мықты. Түркістандағы «Үлгілі ауыл» сияқты бастамалар — берекелі қоғамның, бірлік пен ынтымақтың, ұрпаққа деген қамқорлықтың жарқын үлгісі болып қала береді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *