Өткен жылы Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып, өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы айтарлықтай артты.
Атап айтсақ, медико-демографиялық көрсеткіштер бойынша жыл қорытындысымен өңірде негізгі медико-демографиялық көрсеткіштер тұрақты деңгейде орындалды. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,32 жасқа дейін ұлғайды. Жалпы өлім-жітім деңгейі 2,5%-ға төмендеп, 3,9 көрсеткішін құрады. Ана өлімі 32,4%-ға азайып, 4,8-ге төмендеді. Сонымен қатар нәресте өлімі 8,6%-ға, бала өлімі 7,7%-ға төмендеді.
Қатерлі ісік, қан айналым жүйесі аурулары және туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіштері тұрақты бақылауда болып, емдеу саласында жақсы көрсеткіштерге қол жетті.
Жоғары технологиялы медициналық көмек аясында өңірде жоғары технологиялы медициналық көмекті дамыту аясында орган трансплантациясы жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылдың басынан бері 15 туыстық орган трансплантациясы сәтті орындалды, оның ішінде 2 бауыр, 13 бүйрек трансплантациясы бар. Сонымен қатар жоғары технологиялар есебінен 60 күрделі операция жасалып, науқастар қанағаттанарлық жағдайда шығарылды.
Ана мен бала денсаулығына байланысты адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау деңгейі 86%-ға жетті. Облыс аумағында 16 медициналық ұйым базасында «Даму және ерте араласу орталықтары» ашылып, ерекше қажеттілігі бар балаларға ерте жастан кешенді көмек көрсетілуде. Балаларға арналған офтальмологиялық және сурдологиялық құзырет орталықтары іске қосылды.
Шалғай елді мекендерден келетін жүкті әйелдер үшін «Салауатты ана» пансионаттары жұмыс істеуде.
Кадрлық әлеуетті нығайту үшін бүгінгі таңда облыстың 45 медициналық ұйымында 24 405 медицина қызметкері еңбек етуде. Тапшы мамандықтарды жою мақсатында 251 резидентуралық грант бөлініп, жас дәрігерлер даярлануда. 2025 жылы 31 дәрігер шетелде біліктілігін арттырды, 230 медицина қызметкеріне мастер-класстар өткізілді. Сондай-ақ жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, қаржылай көмек пен тұрғын үй мәселелері шешілуде.
Инфрақұрылым және құрылыс бағытында 2025 жылы ауылдық елді мекендерде 55 МСАК нысаны пайдалануға берілді. Қосымша 36 медициналық нысанның құрылысы аяқталды, оның ішінде дәрігерлік амбулаториялар, ФАП пен медициналық пункттер бар. Қазіргі таңда 4 ірі медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде, олардың қатарында көпбейінді ауруханалар мен перинаталдық орталықтар бар.
Материалдық-техникалық база бойынша медициналық ұйымдар 2 560 бірлік заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Олардың қатарында МРТ, КТ, жасанды қан айналым аппараты, эксперттік УДЗ, маммографтар және бейнеэндоскопиялық жүйелер бар. Жедел жәрдем қызметін күшейту мақсатында 60 реанимобиль және 2 неонаталды жедел жәрдем автокөлігі алынды.
Мектеп медицинасы аясында 20 стоматологиялық қондырғы және 348 дефибриллятор орнатылды.
2025 жылы атқарылған жүйелі жұмыстар Түркістан облысында денсаулық сақтау саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтерді.
