ӘЙЕЛ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МЕН ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫН НЫҒАЙТУ — БАСТЫ БАҒЫТ

 

Қазақстан гендерлік теңдік пен отбасы құндылықтарын қорғауды мемлекет саясатының өзегі ретінде ұстанып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жетекші билік органдарында әйелдерге арнайы квоталар беріліп, Парламент пен мәслихаттардағы әйелдер үлесі артып келеді. Бүгінде Парламентте 28 әйел депутат бар. Бұл жалпы құрамның он сегіз пайызына жуық. Ал мәслихаттарда үш мың төрт жүзден астам депутаттың жеті жүз жетпіс төрті әйелдер. Бұл жергілікті деңгейде де нәзік жандылардың қоғамдық шешім қабылдауға белсене араласып жатқанын көрсетеді. Бұл көрсеткіштер ішінде Түркістан облысының да алар үлесі мол.

Қазіргі таңда елімізде жиырма бір министрліктің ішінде үш әйел министр, сегіз вице-министр, үш аппарат басшысы жұмыс істейді. Сондай-ақ Президентке тікелей бағынышты он төрт мемлекеттік органда алты әйел жоғары лауазым иесі атанып отыр. Сот жүйесінде де нәзік жандылардың белсенділігі артуда. Бүгінгі таңда еліміздегі судьялардың елу үш пайызы әйелдер. Бұл әділдік пен адам құқығын қорғауда әйелдердің рөлінің артып келе жатқанының айқын дәлелдейді.

Мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген әйелдердің үлесі елу бес пайыздан асты. Оның ішінде басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі қырық пайызға жуық. Бұл деректер әйелдер қауымының қоғамдағы орны нығайып келе жатқанын көрсетеді. Әйелдердің кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамуда. Бүгінде шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлердің жартысына жуығы әйелдер. Оларды қолдау мақсатында Даму қоры арқылы төрт миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, жүз мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді.

Әйелдердің тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламалар да іске асырылып жатыр. «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы үш жылда үш мыңнан астам әйелге баспана алуға мүмкіндік берді. Асыраушысынан айырылған әйелдер де енді тұрғын үй алу кезегіне жеке санат ретінде тіркелетін болды. Бұл отбасын қорғау саясатының маңызды бөлігіне айналды.

Өткен жылы қабылданған отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң отбасы институтын қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Заңда қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, алдын алу тетіктері нақты бекітілді. Ішкі істер министрлігінде арнайы басқарма құрылып, республика бойынша екі жүз сексен әйел тергеуші арнайы жұмысқа тартылды. Олар нәзік жандылар мен балалардың құқығын қорғауда зор еңбек атқарып отыр. Инспекторлар былтыр он алты мыңға жуық әйелдің құқығын қорғап қалды.

Биылдан бастап бірыңғай отбасын қолдау орталықтарының саны үш есеге артып, жүзден асты. Бұл орталықтар қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтап, қажетті қолдау көрсетуге мүмкіндік береді мобильді топтар да құрылып Мәдениет және ақпарат министрлігі Еңбек министрлігі Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары бірігіп, отбасы институтын қорғауда бірлесіп жұмыс атқарып келеді.

Қазақстан гендерлік саясатта халықаралық талаптарды да ұстанады, Бейжің декларациясы мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің әйелдер бейбітшілік қауіпсіздік туралы 1325 резолюциясының талаптары елімізде жүйелі іске асып келеді. Ұлттық іс-қимыл жоспары жаңартылып, халықаралық сарапшылар жоғары баға берді. Қорғаныс, қауіпсіздік, прокуратура салаларында да әйелдердің үлесі артып келеді. Арнайы кеңесшілер дайындалып, әйелдердің мансаптық өсуіне жол ашылып отыр.

«IT Aiel» жобасы жұмыссыз әйелдер мен декреттік демалыстағы аналардың цифрлық сауатын арттыруда алғашқы түлектердің табысы қырық бес пайызға өсті. Нәтижесінде өткен жылы он сегіз мың қыз бен әйел цифрлық бағыттарда білім алды. Ауылдағы әйелдердің құқығы мен кәсіпкерлігін дамыту да Ұлттық комиссияның тұрақты назарында. Саналы ата-ана мәдениетін арттыру, адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, отбасын нығайту бағытындағы жұмыстар биылғы жылы да жалғасады.

Осылайша Қазақстан әйелдердің құқығын қорғау гендерлік теңдік орнату және отбасы институтын нығайту саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Әрбір әйел мен отбасының әл ауқатын көтеру қоғамның тұрақтылығы мен дамуының кепілі екенін дәлелдей түсті.

Осы ретте біз тоқталған сандардың ішінде елеулі үлесі бар Түркістан облысының нәзік жанды арулары да бар. Оларға жергілікті билік тарапынан нақты қолдау шаралары жүзеге асырылып, отбасы тірегі саналатын әйелдер қауынан айрықша көңіл бөлініп келеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *