ТӘРБИЕ ӨЗЕГІ — ҰРПАҚҚА МЕЙІРІМ ДАРЫТУ

 

Баланың күлкісі – қоғамның тыныштығы, елдің ертеңі. Түркістан облысында өскелең ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан әрбір қадам – отбасы институтын нығайтып, бала құқығын қорғауға бағытталған игі бастамалардың жемісі.

Осы орайда Арыс қаласында іс-шара ұйымдастырылды. Бұл – «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асқан қуаныш пен қамқорлыққа толы маңызды кездесу болды.

Шара барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева мен Арыс қалалық филиал төрағасы Бақтығали Ділдәбеков балаларды шын жүректен құттықтап, олардың қуанышына ортақтасты. Тәрбиеленушілер дайындаған концерттік бағдарлама жүректерге жылулық сыйлап, олардың өнеріне деген ризашылық сезімін тудырды.

Партия өкілдері балаларға тосынсыйлар жасап, шаттық сыйлады. Әсіресе, мектеп бітіруші қыздарға арналған «Бойжеткен» сән топтамасын Қалыйма Жантөреева өзі өрнектеп тігіп, сыйға тартты. Сәнді көйлектер мен салтанатты кеш киімдері – жас бойжеткендердің мерекелік кешке деген көңілін көтеріп қана қоймай, олардың өзіне деген сенімін арттырды.

Сонымен қатар, балалар ауылын аралау барысында қонақтар тәрбиеленушілердің шығармашылық еңбектерімен, тұрмыстық жағдайымен танысты. Қолөнер бұйымдары, суреттер мен жетістіктер – бұл балалардың бойындағы дарын мен еңбектің жемісі екенінің дәлелі.

Қазіргі таңда Т.Тәжібаев атындағы балалар ауылында 7 отбасы бар, онда 61 бала тәрбиеленуде. Бұл мекеме – жай ғана паналайтын баспана емес, баланың тұлға ретінде қалыптасуына қажетті барлық рухани және әлеуметтік жағдай жасалған жылулыққа толы орта. Отбасылық үлгідегі мұндай мекемелер – баланы қоғамға бейімдеудің, оларды мейірім мен махаббатпен өсірудің ең тиімді жолы.

«AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында қолға алынған бұл іс-шара – қоғамдағы балалардың жағдайына деген жанашырлықтың, әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі. Бұл игі қадамдар арқылы елімізде бақытты отбасылар мен толыққанды азаматтар қалыптасарына сенім зор.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *