Тәрбиенің негізгі алтын діңгегі – Отан. Ал Отан отбасынан басталады, демек тәрбие-тағылым отбасынан берілетін ұлттық құндылық. Қазақ халқының даналығы, тәрбие тағылымы — тамыры тереңде жатқан асыл мұра. Ерте заманнан ата-бабаларымыз өскелең ұрпақты елін, жерін сүюге, тектілікпен, жан-жақты тәрбиелеуді басты мұрат тұтқан. Қазіргі дамыған дәуірде озық қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Себебі, еліміздің дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуы білімге, мәдениетке және ұлттық тәрбиеге байланысты. Тәрбиенің қуатына тең келетін рухани күш, қуат көзі жоқ екенін жақсы түсінеміз. Ұлттық тәрбиеден нәр алған адам – рухани құндылықтарды бойына сіңіріп биік дәрежеге көтеріледі. Оның ең маңыздысы адамды ойлануға бағыттайды, жеке тұлға болып қалыптасады. Қазіргі жастар тәрбиесінің жұтаңдығына Шығыс және Батыс бағыттары әсер етуде. Бет аузын тұмшалап қап-қара киінген қазақтың қыздары мен иегіне сақал қойған жап-жас жігіттердің қатары көбейген. Екінші жағынан етек-жеңі ашық, сандарын жалтыратқан қыздарды, темекі тартып, арақ ішіп тұрған жастарды көресің. Міне осындай екі ортада өмір сүріп келеміз. Қазақтың тәлім-тәрбиесін қай жағы жеңіп кетеді екен деген қорқыныш бар. Бұл біздің тек қана ұлттық тәлім-тәрбиемізге ғана емес, тұтас ұлтымызға кәдімгідей іріткі салуда, шабуыл жасауда. Адам баласының бүкіл адами қасиеттері отбасында беріліп, бүкіл ғұмырына негіз болады. Отбасында берілетін тәрбие мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің сақталуы, о бастан қастерлеп келе жатқан отбасылық құндылықтарымыздың бағасы төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Күнделікті тәрбиені былай қойғанда, көптеген отбасылардың шаңырақтары шайқалып, бала тағдырына шолақ қарайтын жастар көбейді. Отбасында береке болмаған жағдайда адам қалайша мемлекеттік істерде пайдалы жұмыстар жасай алады? Өркениетті елдерде тәрбие мемлекеттік деңгейде қолға алынған. Мысалы, бізді өзінің ерекше дамыған технологиясымен таң қалдыратын Жапонияның экономикасы ең алдымен отбасы экономикасынан басталатын көрінеді. Шаңырақтарындағы тәртіп баланы сәби кезінен бар күш қуатын еңбек етуге жағдай жасауы, білімге баулуы елді зор өркениеттілікке жеткізген. «Ұлдың ұяты-әкеде, қыздың ұяты-шешеде» деген бар. Ата-аналарымыз түзде жүрсе де «ар», «намыс», «ұят» қасиеттерін сақтауға, қорғауға үйретуі қажет. Жастардың бойында ұлттық сана-сезімді, ата-баба дәстүріне адалдықты сіңіру ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміздің бір тармағы. Қазақтың қанында тастанды бала мен қараусыз ата-ана болмаған. Есігіне құлып салынып, үйінің алдына қарауыл ұстамаған, демек бұл тәрбиені жоғары көрсеткішті берген халық деген сөз. Отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері: туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, сана-сезім, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттер ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттарына жатады.
Қазақ халқының ұлттық киімдерінің қалыптасуы мен түр-сипаты көшпелі тұрмыс, құбылмалы ауа райымен қатар, халықтың наным-сенімдері, сұлулыққа құмарлығы, түрлі маталардың қолданысқа енуі және көрші ұлттармен мәдени-экономикалық байланысы әсірінен жылдар бойы өзгеріп отырды. Қазақтардың киімінің етек-жеңіне оқа тігетіні, кимешектің өңіріне, жақтауына кесте жүргізетіні, сәбидің, қыз баланың, сал-серілердің бас киіміне үкі қадайтыны – түркі-қыпшақ заманы кезінде туған дәстүр. Бұл қадам жын-перілерден, пәле-жаладан, тіл-көзден сақтайды деп сенген.
Қазақы белбеу, қапсырма, бойтұмар, нәзік белдіктерге өрнектелетін әр түрлі құстардың, жыртқыштардың, көбелектің, ағаштың, жер-судың, тау-тастың кескінін беру ежелгі сақ, үйсін тайпаларынан қалған мұра. Бойжеткендер белі қымталған, етек-жеңіне желбезек салынған қос етекті көйлек, оқалы қамзол киіп, беліне металл шытырлармен безендірілген немесе ширатпалы күміс белдік (кейбір жерде нәзік белдік) буынған. Қазақстанның кейбір өңірлерінде етек-жеңге екі-үш қатар бүктесін, яғни қосетек тіккен. Ал оңтүстікте осындай көйлектің үстіне белдемше қаусырынады немесе шалғы орайды екен. Тақиямен қатар, белдік те қыздық дәуреннің белгісі саналған. Қыз бала белдігін арындай қорғаған, оның жоғалтып алу – арынан айырылғанмен бірдей болған. Қос етекті көйлек тек қыз балаға тән киім.
