Қазақ халқы «отан отбасыдан басталады» деп тегін айтпаса керек. Себебі, отбасы – қоғамның шағын болса да маңызды бөлшегі. Ал осы «кішкентай мемлекетте» орын алатын тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі – бүгінгі таңда еліміз үшін аса өзекті, қоғамда алаңдаушылық тудырып отырған күрделі тақырыптардың бірі. Осы орайда, Түркістан қалалық полиция басқармасы аталған мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп, отбасындағы жауапкершілікті арттыру бағытында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырып келеді.
Айталық, биылғы жылдың екінші жартыжылдығына дейін жүзеге асқан іс-шаралар мен тіркелген оқиғалар статистикасы бұл бағыттағы жұмыс ауқымының аясын ғана емес, сонымен қатар құқық қорғау саласындағы жұмыстардың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бүгінгі таңда киелі шаһарда жүздеген өтініштер тіркеліп, ондаған отбасы құқық қорғау органдарының бақылауына алынған екен. Отбасындағы тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету – тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Осы тұрғыда сала қызметкерлері тек құқық қорғау қызметі ғана емес, адам тағдырына тікелей араласатын ізгілікті іс жасап жатқанын баса айту керек.
Сонымен, Түркістан ҚПБ-ның отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесіне 2025 жылдың алты айында 497 өтініш пен шақырту тіркелген. Бұл – жай ғана сан емес, жүздеген отбасындағы дағдарыс десек артық болмас. Осындай келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін шаһардағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесі әрбір қоңырауды назардан тыс қалдырмай, заң шеңберінде әрекет етіп жатқанын назардан тыс қалдырмаған жөн. Сонымен қатар, Түркістан қаласында жыл басынан бері 445 адамға қорғау нұсқамасы берілген. Ал 75 тұлғаға ерекше талап қойылып, 52 отбасы «жайсыз отбасылар» ретінде арнайы есепке алынған. Бөлімшенің тағы бір міндеті — әр отбасымен жеке жұмыс жүргізіліп, түсіндіру, психологиялық қолдау ісін жүргізу. Бұл бағытта қаладағы 60-тан аса жайсыз отбасы мүшелерімен «Отбасын қолдау орталығының» мобильді тобы бірлесіп, кездесулер өткізген. Әңгімелесу барысында тек құқықбұзушылық фактілері ғана емес, сол отбасылардағы әлеуметтік, экономикалық, психологиялық мәселелер де талқыланады. Бұл – полицияның жаңа қызметін, жаңа міндетін айқындайтын іс-шаралар. Айта кетейік, аталған кездесулерден соң қиын жағдайға тап болған 10 отбасы FSM social мобильді қосымшасына тіркеліп, отбасын қолдау орталығына жолданған. Яғни, түркі әлемінің рухани ордасында да отбасындағы келеңсіз оқиғаларды азайтудың және алдын алудың заманауи үлгісі қалыптасып келеді.
Әрине, мәселенің артында маңызды шешімдер де тұрары анық. Осы ретте қылмыстық статистикаларға да тоқталып өткен жөн. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ҚР ҚК 109-1 бабымен (жәбірленушіге психологиялық қысым көрсету арқылы денсаулыққа жеңіл зиян келтіру) – 12 қылмыстық іс тіркелген. ҚР ҚК 108-1 бабымен (ұрып-соғу) 7 қылмыстық іс тіркелген. Оның 2-еуі қысқартылып, 2-еуі сотқа жолданып, қалған 3-еуі тергеліп жатыр. Бұл мәліметтер отбасындағы мәселенің қаншалықты өзекті екенін дәлелдейді.
Жарты жыл бойы орындалған жұмыстар ішінде тағы бір тоқтала кететін іс-шара — 20 сәуірден 20 маусымға дейін «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» республикалық акциясы. Акция аясында қаладағы 2 университет, 5 колледж, 6 мектепте «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атты іс-шаралар ұйымдастырылып, жастарға құқықтық мәдениеттің маңызы түсіндірілген. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда жадынамалар таратылып, халықпен сұхбаттар жүргізілген. Өрт сөндіру қызметі құрамына, қалалық емхана қызметкерлеріне арнайы түсіндіру сабақтары өткізілген. Расымен де, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі екенін әр адам сезіне білу керек.
Бұдан бөлек отбасын қолдау орталығының мамандары 2 дөңгелек үстел, 2 семинар-тренинг ұйымдастырып, өзара тәжірибе алмасу арқылы күрделі әлеуметтік мәселеге жаңа қырынан қарау жолдарын талқылады. Айта кетейік, қаладағы «Сенім-ай» дағдарыс орталығы да қазіргі таңда қарқынды жұмыстар жасауда. Мәселен, биыл 1 азаматша екі кәмелетке толмаған баласымен осы орталыққа орналастырылған. Орталық мамандары жәбірленушімен сұхбат жүргізіліп, түрлі деңгейде көмек көрсетіп жатыр. «Сенім-ай» орталығы – зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге уақытша баспана ғана емес, психологиялық көмек, әлеуметтік қолдау ұсынатын маңызды мекеме ретінде де жұмыстар атқаруда.
Қорыта айтсақ, отбасыдағы зорлық-зомбылық мәселесі – бір күнде шешілетін түйін емес. Түркістан ҚПБ-ның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің жұмысына қарап, бұл күрес күнделікті қажырлы еңбекті, жанашырлықты талап ететінін аңғару қиын емес. Қоғам айнасына айналған полиция қызметкерлері зорлық-зомбылықсыз, бақытты отбасылардың көбейуі жолында іргелі істер атқарып жатыр. Сондықтан бұл бағыттағы күрес үлкен жауапкершілікті талап ететіні айтпасақ та түсінікті. Түркістан қаласының полициясы сол жолда табандылықпен еңбек ете береді деген сенім мол. Ал қоғам ретінде әрқайсымыз отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермейтін сана қалыптастыруға атсалысуымыз қажет. Себебі, тыныш та тату отбасы –тұрақты мемлекеттің іргетасы.
Дәурен ТІЛЕУХАН.