ТҮРКІСТАН: ҰРПАҚҚА ҰЛАҒАТ

 

Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, қазір қорқынышым көбейіп тұр. Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын»,-деген екен.

Баланың бойындағы асыл қасиеттерді отбасында ата-әжесі қалыптастырған. Сонымен қатар ұлттық тәрбиенің, ізгіліктің дәнін әжелер сепкен. Ата мен әженің тұңғыш немересін бауырына басып, өз баласынан артық тәрбиелеген. Абай мен Шоқанның өз қатарынан сана-сезімінің ерте оянып, рухани әлемінің асқақ болып қалыптасуына жасынан бойына сіңірген жан-жақты тәлім-тәрбие мен туып өскен ортасының, сонымен бірге әжелері Зере мен Айғанымның әсері тиген. Болашақ ұрпақты тәрбиелеуде әженің рөлі орасан зор. Бесікке салу, бесік жырын айту, шілдехана секілді салт-дәстүрге әжелер тікелей қатысты. Қазақ қоғамында әулетті тура жолдан тайдырмай, дұрыс тезге салуда, жеткіншектерді жастайынан ізгілікке тәрбиелеуде әженің рөлі айқын болған. Әжелер — барлық тәрбиенің, барлық құндылықтардың бастауында тұрады. Әрине, ежелден қазақ халқының нәзік жандылары таққа отырып, ел басқармаған, ерінен бұрын сөз бастамаған. Осылайша, әжелер өнегесі – ұрпақтан ұрпаққа ұласып, ғасырдан ғасырға жалғасатын тәрбиенің таусылмас қайнар көзі болып саналады.

Құндылықтардың құлдырап, ұғым-түсініктердің өзгеріске ұшырап отырған осындай тұсында олқылықтарды болдырмау, сол арқылы өскелең ұрпағының болашағын байыпты ойлаған әжелер мектебі ұлтымыздың салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрыптарын, жөн-жоралғыларын жаңғыртып, өскелең ұрпаққа саналы тәрбие беру жолында түрлі іс-шаралар өткізіп келеді. Айталық, «Ақ орамал – әжелер ажары», «Кимешек», «Келінің келісті болса», «Енесі жақсының уығы — алтын» сияқты семинар-кеңестер, тәрбие сағаттарын өткізулері құптарлық іс. Ата болсын, әже болсын, шешендік сөздердің, жырлар мен өлеңдердің тамаша үлгілерін немерелері мен шөберелеріне үйретіп, қазақы қалыпта тәрбиелей білсе, онда ұрпағыңыздың да, ұлтыңыздың да ғұмырлы болатындығы сөзсіз. Өмірдің мәнін терең түсінген, ұрпағының болашағына ой жүгірткен үлкендер ұлттық құндылықтарды бойтұмардай сақтап, кейінгі буынға шашау шығармай аманаттай алса, нұр үстіне нұр.

Иә, тәрбие деген терең ұғым, терең тағлым. Сол тәрбиенің тиегін ұстап отырған тәлімгерлердің тиянақтылығы дәл қазір ауадай қажет. Біздің ардагерлер ұйымы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Дегенмен алдағы уақытта қоғамда бірлік пен тыныштықты дәріптеуде, жастарымыздың озық үлгідегі салт-дәстүріміз негізінде тәрбиелеуде біздің атқарар жұмыстарымыз жеткілікті. Еліміздің, оның ішінде қасиетті Түркістанымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлестеріңізді қоса берулеріңізге тілектеспін.

Жарқынбек ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ,

Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *