Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының, Отырар ауылының тумасы, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Алтын домбыра» иегері, Отырар ауданы мен Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бекарыс Шойбеков — қасиетті айтыс өнерінің шамшырағын жаққан ақтаңгер ақын ғана емес, оңтүстік өңірде өзіндік ақындар мектебін қалыптастырып, ұлы өнерді, халқымыздың рухани құндылықтары мен бай мәдени мұрасын қайта жаңғырту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан көшбасшы тұлға. Зар заманның күмбіріндей ғасырлар қойнауынан жеткен айтыс өнерінің өрісін кеңейтіп, аламан айтыстарда шашасына шаң жұқтырмай, оңтүстік өңірдің ары мен намысын қорғаған айтыстың арыстаны. Түркістан қаласындағы балалар мен жасөспірімдер орталығына басшылық жасай жүріп, ұлт құндылықтарын ұлықтауға, халықтық педагогиканың мәйегін ұрпақ санасына сіңіруге де қомақты үлес қосып келеді. Алайда, халық Бекарыс Ақсақалұлын «азуын айға білеген» айтыскер ақын деп таниды. Ол заңды да. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған бала жасынан қасиетті домбыраны серік етіп, «айтыс» атты тәттісі мен ащысы қатар жүретін тылсым әлемге қадам басып, алты қырдан асқан өнерімен «Алты Алаштың Бекарысы» атанған ақынын елі осылай қадірлесе керек-ті. Бұл өнерде өзінің теңдесі жоқ жүйрік екенін дәлелдеген Бекарыс — шын мәнінде, шебер сөздің зергері. Әріптестер арасында «қырық шапса алынбас қамал», «алтын айдар Бейбарыс» атанып, дүбірлі додаларда топ жарған Бекарыс Шойбеков биыл елу атты белеске қадам басып отыр. Күн мен түн теңесіп, елімізде Әз Наурыз мерекесі салтанат құрған айтулы күндері қазақ халқының руханиятын көкке көтеріп, мәртебесі биік Түркістанның саяси-мәдени өміріне тікелей араласып жүрген халқының қалаулы ұлымен сұхбат құрған едік.
— Бекарыс Ақсақалұлы, өзіңізге белгілі, 14-23-наурыз аралығында Қазақстанда жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі өтуде. Әрбір күннің мағыналы өз атауы бар. Наурыз мейрамын атап өтудің бұл жаңа форматы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы Жарлығымен қолға алынып, бүгінгі таңда күнделікті өмірімізге тереңдеп еніп кетті. Қазақстанның әрбір тұрғыны ұлыстың ұлы күнін асыға күтеді. Сіздің жүзіңізден де, ұлттық нақыштағы киіміңізден де осындай жайдары қалыпты көріп тұрмыз. Наурыз мерекесіне қандай тілек айтар едіңіз? Айтыскер ақындар, қаланың мәдени өмірі Наурыз мейрамын қандай шаралармен қарсы алмақ?
— Дұрыс айтасыз, соңғы жылдары «Наурызнама» деп әр күнге ат қойып, айдар тағып, он күн бойы тойлап жатырмыз. Әрбір күннің өз атауы бар. «Көрісу», «Қайырымдылық», «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр», «Шаңырақ», «Ұлттық киім», «Жаңару», «Ұлттық спорт», «Ынтымақ», «Жыл басы», «Тазару» күндері. Жалпы, Наурыз мейрамының мәні үлкен. Бұл тек мерекені тойлау емес. Тойды аз тойлап жүрген жоқпыз. Той тойлаудан кенде емеспіз. Наурыз — ұлттық салт-дәстүрдің салтанат құратын мерекесі болу керек. Онкүндік Наурызнама «Көрісу», «Қауышу» күнімен басталып, «Тазалық» күнімен аяқталу керек. Бұл орайда «Тазалық күнінің» онкүндіктің соңына қойылуының өзіндік мәні бар. Яғни, онкүндіктің соңында айналамызды жиып-теріп, жинап, бастаған нәрсемізді аяқтап кетуіміз керек. Осы нәрсені біз тек наурызда ғана емес, әрбір шарамызда, әрбір ісімізде әдетке айналдырып, дағдылануымыз керек. Әрбір істі әдемі бастап, әдемі аяқтай білген жөн. Тағы бір атап өтейін дегенім, Наурызды ұлықтау арқылы дәстүрімізді ұлықтаймыз. Дәстүр — біздің болмысымыз. Әлемде елі жоқ, жері жоқ, мемлекеті жоқ қаншама ұлттар бар. Бірақ, ұлт ретінде өмір сүріп, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап келе жатыр. Дүниеге нәресте келгенде өзінің салтымен қарсы алады. Өмірден адам өткенде, өзінің салтымен шығарып салады. Әдет-ғұрыптың бәрін өзінің салтымен атқарады. Міне, ұлт деген сол! Соны жасамаса, ұлт болудан қалады. Оның елі, жері болуы да, болмауы да мүмкін. Бірақ, ұлттық бейнесі салт-дәстүрі арқылы сақталуы мүмкін. Сондықтан, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сақтай білудің маңызы зор. Осындай салт-дәстүріміздің салтанат құратын мерекесі — Әз Наурызды жыл бойы дәріптеп, жақсы қорытындылауымыз керек.
Наурыз мейрамына байланысты өткізілетін іс-шараларға тоқталып өтсем, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Түркістан жерінде осы ұлық мереке аясында жыл сайын республикалық «Наурыз» айтысы өтеді. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Түркістан облыстық бөлімшесінің ұйымдастыруымен тек наурыз айтыс қана емес, «Дәстүрін дәріптеген Түркістан», «Ата Заңым – айбарым» деген тақырыптарда айтыстар жүйелі ұйымдастырылып тұрады. Бұл дәстүр Оңтүстік Қазақстан облысы болып тұрған кезден бері жалғасып келеді. Соңғы екі жылда Түркістан облысы әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жаңа форматта командалық айтыс та өткізілді өткен жылдары. Биыл да «Төрлет, Наурыз, төріме!» атты республикалық ақындар айтысына еліміздің таңдаулы айтыс ақындары, «Алтын домбыра» иегерлері, айтыстың ақтаңгерлері, бір сөзбен айтқанда, ел алдында жүрген қазақтың сүйікті ақындары Мұхтар Ниязов, Мақсат Аханов, Мейірбек Сұлтанхан, өзіміздің Еркебұлан Қайназаров, Жайықтың Жансая Мусинасы, Ақтөбеден Нұрбол Жауынбаев сияқты айтулы жүйріктер келіп, мерекеміздің көрігін қыздырмақ.
Сөз құдыретін пір тұтқан арқалы ақындардың мақсаты — жер аяғы кеңіп, көктем шуағына бөленген елді наурыз мейрамымен құттықтау, мерейі тасыған, ерекше мәртебеге ие болған Түркістанның абыройын асырып, жырға қосу. Айналып келгенде, ұлық мерекені ел болып атап өтуге атсалысу. Ең бастысы, қазақ айтысының айбары да, байрағы да Жүрсін Ерман ағамыз бастаған бір топ ақындар, қазылар алқасының мүшелері келе жатыр. Бірден атап өтейін, талай хас жүйріктер додаға түсетін аламан айтысты Әзімбек Пазылбекұлы бастаған Түркістан қалалық әкімшілігі ұйымдастырып отыр. Жылдағы дәстүрлі айтыс болғандықтан, жүлде қоры да қарастырылған.
