— Бекарыс Ақсақалұлы, Алла жазса, сәуірдің 14-жұлдызында ердің жасы елуге келдіңіз. Қазақтың бағына біткен сіздей ақынымызға ұзақ ғұмыр тілейміз! Арыстандай айбатыңызбен айтыс аспанында қалықтай беріңіз. Сізді халық айтыскер ақын ретінде таниды. Ал, енді, осы айтысқа қалай келгеніңізді тағы бір рет еске түсіріп өтейікші.
— Бұл туралы әрбір сұхбат бергенде айтып жүрмін. Елдің бәрі құлағдар деп ойлаймын. Айтыскер ақын болам деген үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Өмірде кейде кездейсоқ жағдайлардың тағдырыңды бұрып кететін сәттері болады. Алтыншы сыныпта оқып жүргенімде мектепішілік айтыс өтетін болып, әр сыныптан бір оқушы қатысу керек болды. Ол кезде көзге көрініп тұрған бір де бір айтыс ақыны жоқ. Айтыс ақындарын теледидардан ғана көреміз. Тіпті, мектептің өзінде қолына домбыра ұстап, суырып салатын бала жоқ. Мен сыныптың топбасшысымын. Сондықтан да біздің сыныптың салмағы маған түсті. Мені анам қолдап, өлеңімді жазып берді. Ол кісінің өнерден хабары бар, суырып салмалығы да бар болатын. Кей оқушыларға мұғалімдері жазып беріп, тығырықтан шықтық. Сөйтіп, сыныпты құтқару үшін басталған ақындығым әрі қарай жалғасып, аудандағы бір-екі айтысқа бардым. Айтысқа қатысып жүрген қатар құрбыларымды көргеннен кейін қызығушылығым артты. Оның үстіне айтыс өнерінің қыр-сырын үйрететін ұстаздар кезігіп, оның құпиясын, эстетикалық ләззатын айтып, сезіндіре бастағаннан кейін құмарлығымыз оянып, өнер жолына қалай түсіп кеткенімізді өзіміз де байқамай қалдық.
— Негізгі сұхбатымыз сіздің айтыскерлік қасиетіңіз туралы өрбіп отыр. Сіз қазақ поэзиясының қара дауылы атанған Қаныбек Сарыбаевты ұстазыңыз ретінде дәріптеп, ол кісіні еске алуға арналған «Қаныбек оқуларын» жүйелі өткізуге ұйытқы болып жүресіз. Жалпы осы айтыс өнеріне әкелген ұстаздарыңыз туралы не айтар едіңіз?
— Айтысқа қолымнан жетелеп алып шыққан адамды ұстаз дейтін болсақ, ол — анам Ұлбазар Сейдахметова. Алғашқы өлеңімді, алғашқы айтысымды тұтас жазып беріп, мақамыма дейін тауып берген аяулы анам. Ол кісі жадында қалған ән-жырды бойында бар өнердің арқасында үйретіп, өнерге баулыды. Анам өнер жолында жүрген адам емес. Шаруаның адамы. Бірақ, газет-журналдарды, кітапты көп оқитын. Көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. Ғибратты нәрселерді бізге айтып отыратын. Теледидардан терме, дәстүрлі әндер орындалып жатса, отырғызып қойып тыңдататын. Тыңдатып қана қоймай, әсерін айтып отыратын. Кейіннен аудандық айтыстарға қатысқаннан кейін Қаныбек ағамыз бен Әселхан апайымыз 20-30 баланы жинап, партаға отырғызып қойып, бізге айтыстың қыр-сырын үйретті. Мен әлі де айтамын, Қазақстандағы тұңғыш ақындар мектебі 1988 жылы Отырар ауданында ашылды. Әл-Фараби атындағы мәдениет сарайына аудандағы оқушыларды аптасына екі-үш күн жинап, сағаттап сабақ өтетін. Сол үшін мен Қанекеңді де, Әселхан апайымды да өзімнің негізгі ұстазым санаймын.
— Ең алғашқы аламан айтыстарға ойша оралайық. Ең алдымен қай көрініс көз алдыңызға келер еді? Сахна ма, көрерменнің қолдауы ма, әлде қарсыластарыңыз ба?
— Ең алғашқы айтысым көз алдымнан кетпейді. Ешқашан. Кішкентай сыныпта болған айтыс. Қарсыласым — қатарлас сыныптағы Меруерт деген қыз. Айтыс дегеннің не екенін білмеймін. Ойымның барлығы өлеңімді ұмытып қалмай айтып шығу. Сол жерде қанша адам отырғанын да, кім отырғанын да білмеймін. Қарсыласым Меруерт екенін білемін. Дайындап алған өлеңімді айтып шықтым. Сыныптастарым мәз болып, шумақ сайын қол соғып, қолдап отырды. Әрі олардың қолдап отырғанына қуанып отырдым. Екінші жағынан өлеңімді ұмытып қалмайын деп шумағымды дайындап отырдым. Сол сәт көз алдымнан кетпейді.
— «Дүниеде не қиын? Шаршы топта сөз бастау қиын» деген Бұхар жырау. Айтыс өнеріне жүрегінің түгі бар, «аузына Алла сөз салған» дуалы ауыз, әруақ көтеретін арқалы адамдар ғана тәуекел ететіні белгілі. Дегенмен де, айтыс ақыны үшін ең қиын сәт не дер едіңіз?
— Айтыста оңай сәттер жоқ. Оның бәрі табан астында болады. Білімің де, ақындық шеберлігің де, тапқырлығың мен ұтымды уәж айта білуің де сынға түседі. Тіпті, жоспарлап барған нәрсеңнің біреуі де болмауы мүмкін. Сол жерде бір жағдайлар пайда болып, айтысың басқа арнаға өтіп кетуі мүмкін. Қарсыласыңа айтайын деп отырған сөзіңді қазылар алқасы бөліп жіберіп «Сендердің бір-бірлеріңе әзіл айта алатындарыңды білеміз. Бірақ, ел сендерден мынадай мәселе күтіп отыр» деп, жаңа тың тақырыпты бере салады. Сондықтан айтыс өнерінің оңай жері жоқ. Алайда, ең жауапты кез — елдің сөзін сөйлейтін, елдің намысы сынға түсетін кез. Ақынның мойнына артылған жүк те, аманат та — елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтау. Мысалы, өзіңе қатысты сөздерге байланысты қарсыласыңнан ұтылсаң, сөз саған келеді. Ал, еліңнің басын арашалай алмасаң, сөз өз еліңнің басына келеді. Ең бастысы — еліңнің есесін жібермеу, еліңнің абыройын қорғап қалу. Ең жауапты, ең қиын сәт сол.
