ТҮРКІСТАН: МӘНШҮК МҰРАЖАЙЫНА ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРТУ ЖАСАЛДЫ

 

Ұлы Отан соғысы – халқымыздың тарихындағы ең ауыр да қасіретті, сындарлы кезеңдердің бірі. Бұл жылдар ел басына түскен зұлматпен қатар, ерлік пен қайсарлықтың, отансүйгіштіктің айқын көрінісіне айналды. Сол бір сұрапыл соғыста ерлігімен ел жадында мәңгі қалған батыр қыздарымыздың бірі, соғыста ерлік пен батырлықтың өшпес үлгісін көрсеткен қаһарман қыз– Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова.

Бүгінде оның есімі мен ерлігі ұрпаққа үлгі болып, арнайы мұражайларда насихатталып келеді. Оның ерлігі бүгінгі ұрпаққа патриоттық рух сыйлап, елге деген сүйіспеншілікті арттырып келеді. Осы орайда, Мәншүк мұражайының маңызы ерекше, өйткені ол батыр қыздың өмірі мен ерлігін насихаттайтын қасиетті орын.

Жуырда жерлесіміз, жазушы Абилов Шерхан Абдиұлы – «Лен-фильм» киностудиясының актері, Ресей кино актерлері гильдиясы мүшесі, Ресей Федерациясы кине-матографистер одағы мүшесі Түр-кістан қаласы білім бөліміне қарас-ты Кеңес Одағының Батыры Мән-шүк Мәметова атындағы №6 жалпы білім беретін мектептің мұража-йына ерекше құнды жәдігерлерді сыйға тартты. Бұл экспонаттар – Ұлы Отан соғысы кезінде қолданылған заттар. Аталған бұйымдар сол кезеңнің тынысын сезіндіретін, майдан даласындағы ауыр күндердің куәсі болған тарихи мұралар болып табылады. Олардың қатарында сарбаздардың жеке заттары, әскери құрал-жабдықтар және соғыс жылдарынан сақталған сирек дүниелер бар.

Осы бағытта жақында Шерхан ағай Мәншүк мұражайына аса құнды тарихи жәдігерлерді сыйға тартып, үлкен азаматтық іс жасады. Ол тапсырған экспонаттар – Ұлы Отан соғысы кезінде майданда қолданылған, сол дәуірдің шынайы тынысын жеткізетін бірегей мұралар. Сыйға берілген жәдігерлердің қатарында жауынгерлердің басын қорғаған каска, командирлер пайдаланған арнайы планшет, қару-жараққа арналған пистолет кабурасы бар. Сонымен қатар, сарбаздардың күнделікті тұрмысынан сыр шертетін су алып жүретін фляшка, ыстық тамақ тасымалдайтын котелок, қарапайым қасық секілді заттар да ерекше орын алады. Бұлар – майдан даласындағы жауынгерлердің өмір сүру жағдайын айқын көрсететін маңызды бұйымдар.

Әскери жабдықтардың ішінде пулеметке арналған патронтаж, түрлі гильзалар секілді соғыс құралдары да бар. Бұлар сол кездегі қару-жарақтың ерекшеліктерін танытып қана қоймай, соғыстың қаншалықты ауыр болғанын аңғартады. Ал партсигар секілді жеке заттар жауынгерлердің майдандағы аз да болса тыныс сәттерін елестетеді. Сондай-ақ, әртүрлі әскери киімдерді де мұражай қорына тапсырды. Бұл киімдер сол кезеңдегі әскери тәртіп пен ұқыптылықтың, жауынгерлік рухтың айғағы іспетті. Әрбір түймесі мен матасының өзі тұтас бір тарихты баяндап тұрғандай әсер қалдырады. Шерхан ағайдың бұл игі ісі – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық азаматтық қадам. Себебі мұндай тарихи жәдігерлерді сақтап, оны халық игілігіне ұсыну – өткенге деген құрметтің белгісі. Сонымен қатар, бұл жас ұрпақтың тарихқа деген қызығушылығын арттырып, отансүйгіштік сезімін нығайтады.

Бұл жәдігерлердің барлығы – тек зат қана емес, олар – тарихтың үнсіз куәгерлері. Олар арқылы келушілер соғыс жылдарындағы қиындықтарды, жауынгерлердің төзімі мен батылдығын тереңірек сезіне алады. Мұндай құнды дүниелер жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін қалыптастыратыны сөзсіз. Олар арқылы біз батырлардың ерлігі мен төзімін, ел үшін жанын қиған жандардың рухын сезінеміз

Қорыта айтқанда, Шерхан ағайдың Мәншүк мұражайына жасаған бұл сыйы – өткенге тағзым, болашаққа өнеге. Осындай игі істер арқылы біз тарихымызды сақтап, оны келесі ұрпаққа аман жеткізе аламыз. Шерхан ағайдың бұл сыйы – тек мұражай қорын толықтыру ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосылған зор үлес. Осындай игі істер көбейе берсе, халқымыздың тарихы ұмытылмай, келер ұрпақтың санасында мәңгі сақталары сөзсіз.

Шыңғыс РҮСТЕМОВ,

Түркістан облысы, Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты М.Мәметова атындағы №6 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *