ТҮРКІСТАН: ЕРЛІККЕ БАС ИЮ – АСЫЛ ПАРЫЗЫМЫЗ!

 

Құрметті ардагерлер, түркістандықтар!

Сіздерді 9-мамыр — Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Жер-дүниені қансыратып, миллиондаған тағдырдың тамырына балта шапқан сұм соғыстың аяқталып, бейбітшілік салтанат құрған Ұлы жеңіс күніне 81 жыл болыпты.

Бұл — ерлік пен елдіктің, батырлық пен бірліктің мерекесі. Отан үшін от кешкен ардагерлеріміздің жанқиярлық ерлігі, тылда тынымсыз еңбек еткен азаматтардың табандылығы — бүгінгі бейбіт өміріміздің негізі.

Сұрапыл соғыс жылдарында «Отан үшін отқа түс, күймейсің» — деген ұранмен шайқасқан ардагерлеріміздің ерліктеріне бас иіп, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың өтелмес парызы. «Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ер қолында» — деп Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, ардагерлер — Қазақстан халқына бейбітшілік, тыныштық, береке, бақыт орнатқандар. Майдан даласында қанқилы күндерді басынан өткеріп, сол жылдарда қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып бізді жеңіске жеткізген майдангерлерімізді қашан да мақтан тұтамыз.

Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін үлкен ерліктерімен жеткізіп, келер ұрпаққа үлгі болған ағаларымыз бен аналарымыздың мақтан етер ерліктері ұшан-теңіз.

Мемлекетімізден бір миллионнан астам ержүрек жауынгерлер қан майданға аттанған. Соның ішінде Түркістан қаласынан 18 мың 547 азамат соғыс даласында қолына қару алып, фашизмнің сақадай сай әскери күштеріне қарсы тұрды. Осылайша ауылдан келген жас жігіттер қырмандағы жұмыстан бірден майданның алдыңғы шебіне түссе де, ұлтымыздың болмысына сай ерліктерін көрсете білді. Сөйтіп 1945 жылы Жеңіс туын желбіретіп туған жерге оралу 15 мың 960-ның ғана маңдайына жазылыпты. 1418 күн отан қорғау жолындағы күрестің бел ортасында жас ғұмырын құрбан етіп, ерте есейген майдангерлердің ерен ерлігі ұмытылмақ емес.

Өйткені тек қан майданда ғана емес, тылда жұмыс істеп, ел басына туған ауыртпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің баты­сына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген сол бір қайратты да қайсар жандарға бүгінгі ұрпақтың риза­шылығы шексіз.

Тыл еңбеккерлері соғысқа дайындалған 10 оқтың 7-ін біздің қазақстандықтар жөнелтіп отырды. Осылайша тылда еңбек еткендердің ерен еңбектері осы Ұлы Жеңісті жақындатуға мол септігін тигізді.

Бұл ретте тыл еңбеккерлерінің жеңіске қосқан үлесін айрықша атап өтуіміз қажет. Және де майдангерлердің соғыстан кейінгі қираған қалаларды, мемлекетті қалпына келтіруге қосқан үлестері де сүбелі.

Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің қайсарлықтары мен өмір жолдары — кейінгі ұрпаққа үлгі, елге аманат.

Қиын-қыстау кездегі ерліктері ұмытылмайды, ұрпақтарымыз әрдайым құрметпен бас иеді.

Сонымен қатар, ел тыныштығын күзетіп, тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын тұрған батыр азаматтарға көрсетілетін ерекше құрмет күні — 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнін де естен шығаруға қақымыз жоқ.

Отанға адал қызмет ету – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Сіздердің ерліктеріңіз бен еңбектеріңіз – кейінгі ұрпаққа үлгі. Ел іргесінің берік, аспанымыздың ашық болуы сіздердің табандылықтарыңыз бен қайсарлықтарыңыздың арқасы.

Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Еліміздің тыныштығы мен бірлігі мәңгі жасай берсін!

Қыдырәлі РЫСБЕКОВ,

қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, медицина ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері.

 

 

Құрметті жерлестер!

Сіздерді елдің айбынын асқақтататын қос бірдей қастерлі мереке – 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын! «Отан — оттан да ыстық» деген дана халқымыздың нақылы терең мағынаға ие екені сөзсіз. Бұл — ұлт рухының биіктігін, батыр бабаларымыздың қайсарлығын, ел қорғаған жауынгерлердің ерен еңбегін ұлықтайтын айрықша күндер.

Жеңіс күні — тарихымыздың қасіретті де қасиетті шежіресі. Сұрапыл соғыс жылдарында «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайтынын» дәлелдеген ардагерлеріміздің алдында бас иеміз. Олардың ерлігі – бүгінгі бейбіт өміріміздің берік іргетасы. Ал Отан қорғаушылар күні — бүгінгі айбынды әскеріміздің мерейлі мерекесі. Тәуелсіз еліміздің тыныштығын күзетіп, шекарасын қорғап жүрген сарбаздар — елдің қалқаны, халықтың тірегі. «Батыр туса – ел ырысы» демекші, олар бүгінгі ұрпақ бабалар жолын жалғап, ел намысын қорғауда аянбай еңбек етіп келеді. Әрине, мемлекетіміздің тыныштығы әрбір азамат үшін қасиетті аманат.

Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштері — мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қуатты күшке айналды. Бұл — әрбір әскери қызметшінің адал қызметі мен темірдей тәртібінің, биік рухының нәтижесі деп санаймын. Біз үшін Отанға қызмет ету – абыройлы міндет, қасиетті борыш.

Қадірлі ағайын!

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді халқымыз. Елдің тұтастығы мен тыныштығын ең үлкен байлық деп санаған бабалардың өсиеті ешқашан жадымыздан өшкен емес. Сондықтан жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ерлік рухын сіңіру – біздің басты міндетіміздің бірі.

Осы айтулы мерекелер қарсаңында соғыс және тыл ардагерлеріне айрықша құрмет білдіремін. Ал, қатарда тұрған сарбаздарымызға, офицерлерімізге мықты денсаулық, табандылық пен қажымас қайрат тілеймін!

Еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіреп, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Жаратқан халқымызға амандық, елімізге тыныштық пен тұрақтылық берсін!

Жандос КҮЛДЕРБАЕВ,

ҚР Қорғаныс министрлігі, тәрбие және идеология

департаментінің аға офицері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *