Қадірлі жерлестер, құрметті түркістандықтар!
Баршаңызды 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр — Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл қос мереке — батырлық пен отансүйгіштіктің, елдік пен ерліктің жемісі. Бірі — ұлы даланың айбынын асқақтатып, ел тыныштығын күзеткен ержүрек азаматтарға деген құрмет белгісі болса, Жеңіс күні — қан майданда жанын қиып, бізге бейбіт өмір сыйлаған ардагерлеріміздің естен кетпес ерлігіне тағзым ететін қасиетті күн.
Біз бүгінгі бейбіт өмірді сол батыр бабаларымыздың қайсар рухы мен жанкешті ерлігінің арқасында көріп отырмыз. Олардың өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі десек артық айтқан болмас едік. Сондықтан ел қорғау тек әскери міндет емес, әр азаматтың жүрегіндегі қасиетті борыш екенін бүгінгі, сонымен қатар, келешек ұрпақ санасына сіңіруіміз керек.
Жеңіс жолы жеңіл болмайтыны белгілі. Қанмен жазылған шежіреміз жарқын күннің мәңгілік дастанына айналды. Сол сұрапыл жылдарда ерлік пен елдіктің туын жықпай, болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған батырларға, ардагерлерімізге шексіз алғыс білдіремін. Олардың ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Ал тәуелсіз еліміздің тұғырын бекемдеп, бірлігімізді сақтап, бейбіт тірліктің бағасын білу – бүгінгі біздің басты парызымыз.
Қадірлі ағайын!
Осы мерекелі күндерде ел үшін жанын қиған ерлердің рухына тағзым етіп, арамыздағы ардагерлерге айрықша құрмет көрсетейік. Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық пен береке тілеймін! Еліміздің аспаны ашық, байрағы биік, бірлігі бекем болсын!
Сейдулла САДЫҚҰЛЫ,
Филология ғылымдарының докторы,
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры.
Түркістан өңірінің рухани-мәдени өмірінде өзіндік қолтаңбасы бар, ғылым мен журналистиканы қатар ұштастырған тұлғалардың бірі Сейдулла Садықұлы жас буынға білім берумен қатар, елдік мұрат жолында қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып келеді. Дәлірек айтсақ, республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Қазақ үні», «Әділет», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Қостанай таңы», «Түркістан» газеттері мен «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» журналында, сондай-ақ Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан басылымдарында жарияланған мақалалары түркі халықтарының бірлігін кеңінен қозғап, оқырман тарапынан жоғары бағасын алып келеді.
Бүгінгі күні ғалымның шығармашылық шеберлігі мен қаламгерлік қарымы жоғары бағалануда. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған үшінші республикалық «Серт-2024» байқауында Сейдулла Садықұлы «Арпалыс» деректі повесі үшін «Қарымды қаламгер» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Бүгінде оқу ордасында да, қоғамдық кеңістікте де белсенді ардагер ұстаз облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың жетекшісі ретінде түрлі тағылымды шаралардың ұйытқысы болып, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, облыстық Полиция департаменті жанындағы консультативтік кеңестің мүшесі ретінде де өңірдегі тағылымды істерге атсалысып жүр. Университет Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде аға буынның өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа насихаттауды назардан тыс қалдырмаған ұлағатты ұстаз қоғамдық-саяси науқандарды да назардан тыс қалдырмай келеді.
Осындай елеулі еңбектерінің арқасында Сейдулла Садықұлы әр жылдары Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, халықаралық А.Байтұрсынов медалінің иегері, «ЖОО үздік оқытушысы», Түркі әлемінің үздік педагогы атанды. Мемлекет басшысының Алғыс хатына ие болып, өңір дамуына қосқан үлесі үшін арнайы медальдармен марапатталды. Мұның бәрі ұзақ жылдар бойы еткен еңбек, төккен тердің айғағы екені анық. Айта кетейік, жуырда ғана ғалым «Құрмет» орденімен марапатталды.
