Қадірлі жерлестер!
Ардақты ағайын!
Сіздерді айбынды мерекеміз – Отан қорғаушылар күні және халқымыз өткерген қаһармандық жолдың айшықты белгісі – Ұлы Жеңіс күні мейрамдарымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл қос мереке елдігіміздің еңсесін тіктеген, ерлік пен елжандылықтың мәнін айшықтайтын айрықша күндер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айбынды армиямыздың даңқты дәстүрі кең-байтақ жерімізді жанқиярлықпен қорғап қалған батыр бабаларымыз бен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өшпес ерлігінен бастау алатынын айтты. Қарулы Күштеріміздің қуатын арттыру, құқық қорғау жүйесін жетілдіру, азаматтық қорғаныстың әлеуетін нығайту – мемлекеттің стратегиялық басымдығы болып белгіленіп, Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырына, елдіктің берік қорғанына айналып отыр.
Конституциялық деңгейде қабылданған Заң мен тәртіп қағидаты – Әділетті қоғам құрудың негізгі тірегі болып айқындалды. Бұл қағидат әр азаматтың жауапкершілігін арттырып, ел ішіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Отан қорғау, шын мәнінде, әскери борыш қана емес, ол – әр азаматтың ел алдындағы қасиетті парызы. Заңға құрмет, тәртіпке бағыну – шынайы патриотизмнің белгісі.
Мемлекет басшысының қоғамдық тірегіне айналған «AMANAT» партиясы елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осы санатта партиямыз жүзеге асырып жатқан жобалар халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, Отан үшін қажыр-қайратын жұмсаған аға толқын өкілдеріне құрмет көрсетуге, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге және қоғамда жауапкершілік құндылығын қалыптастыруға бағытталған.
Қарулы Күштер сапында қызмет ету – қоғам тарапынан берілген үлкен сенім мен биік абырой. «AMANAT» партиясы ұлттық әскеріміздің қуатын арттыруға қолдау көрсетіп, жас ұрпақты Отан қорғау ісіне баулуда әскери-патриоттық тәрбие жүйесін түзуге баса мән беріп келеді. Бұл бағытта партиямыз жыл сайын жас өскіндер арасында «QAISAR» әскери-патриоттық ойындарын өткізеді. Жоба жастарды әскери дағдыны меңгеруге үйретіп, олардың мінез-құлқын, табандылығын, жұмыла жұмыс істеу қабілетін шыңдайды. Аталған ойындардың республикалық кезеңінде Түркістан облысының өрендері жыл сайын жүлдегерлер қатарынан көрінетінін зор мақтаныш тұтамыз.
Ұлы Жеңіс – халқымыздың өшпес ерлігінің, қайсар рухының мәңгілік символы. Біз майданда жанын қиған батырларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Ардагерлеріміздің ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі, елге қызмет етудің биік өлшемі деп білеміз. Ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, өткен мен бүгінді байыптап байланыстыратын ұлы күнде аға толқынның жанқиярлық еңбегі мен ерлігіне тағзым етеміз.
Қиын күндердің ауыртпалығын еңсеруге еліміздің оңтүстік өңірі де елеулі үлесін қосты. Майданға 140 мыңнан астам жерлесіміз аттанып, оның 51-і – Кеңес Одағының Батыры, 8 жауынгеріміз – «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды. Тылда табанды еңбек еткен мыңдаған жерлестеріміз майдан қажеттілігі үші бар қажыр-қайратын жұмсады.
Сұрапыл соғыстың куәсі болған жауынгерлердің қатары сиреп, бүгінде облысымызда үш ардагер ғана Ұлы Жеңістің 81-ші көктемін қарсы алып отыр. Зымыраған уақыт майдангерлердің санын азайтқанымен, олар қалдырған ерліктің салмағын жеңілдете алған жоқ. Майдан даласындағы батырлық – ұлт жадында мәңгі сақталатын қасиетті аманат. Ерлік ешқашан ұмытылмайды, ол – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рух.
Аға ұрпақтың қажымас қайратымен, табанды еңбегімен келген Ұлы Жеңіс мерекесіне орай, «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Ардагерлерді ардақтайық!», «Кедергісіз келешек» партиялық жобаларын іске асыруда. «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында әр аймақта орналасқан Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған ескерткіш кешендері мен Жеңіс аллеялары қамқорлыққа алынды. Елдің бостандығы үшін жанқиярлық көрсеткен аға буынның өшпес ерлігі партия өкілдері өткізген тағлымды кездесулерде, «Кітап-AMANAT» орталықтарындағы әдеби-танымдық кештерде кеңінен айтылып, өскелең ұрпаққа бағдар алар өнеге болып танылды.
Құрметті жерлестер!
Бұл мерекелер – бізге бейбіт өмірдің бағасын, ел қорғаудың маңызын, бірлік пен тәртіптің қадірін ұғындырады. Бірлігі бекем, тәртібі мығым ел ғана кез келген сын-қатерді еңсере алады.
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Еліміз тыныш, аспанымыз ашық, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Ерлік – ұмытылмайтын ұлы мұра, Жеңіс – ұрпақ жадында мәңгі жаңғыратын рух. Батыр бабалардың аманатына адал болып, елдігімізді еңселі, бірлігімізді мәңгі етейік!
Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!
Алтынсары ҮМБЕТАЛИЕВ,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы.
